Кәрім Мәсімов БҚО-дағы консерві шығаратын кәсіпорынды аралады

11 тамыз 2016, 18:04
Батыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов азық-түлікті қайта өңдеуге мамандандырылған «Кублей» ЖШС қызметімен танысты.

Премьер-Министрге ЖШС директоры Талғат Беркешев мәлімдегендей, кәсіпорын жыл сайын 75 мыңға жуық ет және 37,5 мыңнан балық және көкөніс құтыларын шығарады. Өнімнің шамамен 10%-ын компания Қырғызстанға, Түркіменстанға, Ауғанстанға және Ресейге экспорттайды.

Қазіргі таңда «Кублей» ЖШС кезегіне 10 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы мал соятын цехы бар ет өңдеу кешенін пайдалануға беруге дайындап жатыр. Ол кәсіпорынның шикізат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кешенді 2016 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығын өңдеу және азық-түлік өндірісі индустрияландырудың екінші бесжылдығының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жоғары технологиялы өндірістерді дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Анықтама үшін: 

Индустрияландыру картасы аясында Батыс Қазақстан облысында 2 300 жұмыс орнын құра отырып, 330 млрд теңге сомаға 42 жоба жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы БҚО-да терең қайта өңдеу ет комбинаты, блоктық ет өндірісі, жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы іске қосылады. Тері өңдеу өндірісі құрылуда, ол келешекте былғары өнімдерін шығарады. 2015 жылы БҚО 2 036 тонна ет және ет өнімдерін экспорттады.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығының басым секторлары  ретінде алты сала анықталды: мұнай өңдеу және металлургия кешені, азық-түлік және химия өнеркәсібі, өнеркәсіп жабдықтары және құрылыс материалдары өндірісі.