5 жылдың ішінде Азия – Еуропа бағытындағы контейнерлік тасымалдар көлемі 100 есеге артты

01 қараша 2016, 11:12

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев ҚР Үкіметі отырысында компанияның көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша іске асырып жатқан жобалары туралы есеп берді.

Компания президентінің мәліметі бойынша, Боржақты-Ерсай теміржол желісінің, «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы құрғақ порттың және инфрақұрылымның құрылысы, Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін Құрық порты мен Алматы-Шу темір жол желісінің алғашқы іске қосу кешендері пайдалануға беріледі. Компания ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астанада әуежайдың жаңа терминалы мен жаңа вокзал кешенінің құрылыс жобаларын жүзеге асырады.

«2018 жылға дейін жеке бизнеспен серіктестік негізінде Ақтөбеде, Өскеменде және Ақтауда заманауи көлік-логистика орталықтарын салу жоспарда бар. Сыртқы терминал желісі 2017-2019 жылдар аралығында Қытайда, Ресейде, Орталық Азия елдерінде, Түркияда, Парсы шығанағында, Үндістанда және Еуропада жүк ағындарының шоғырлану және дистрибуция орындарында өріс алады. Барлық аталған жобалардың іске асуы 22 мың жаңа жұмыс орнымен, соның ішінде пайдалануға беру кезінде13,3 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етеді», - деді Қ. Алпысбаев.

Компания басшысының айтуынша, жаһандық логистикалық тізбекті трансқазақстандық бағдарға қайта бағыттау мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ көлік-логистикалық қызметтер мен халықаралық көлік дәлізіне ықпалдастықты дамыту бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруда.

2011 жылдан бастап компания контейнерлік жүрдек пойыздар сервисін іске қосқан. 2016 жылы Азия-Еуропа бағытындағы контейнер тасымалының көлемі 2011 жылғы деңгейден 100 есеге артық көрсеткішті көрсетеді. 2020 жылға қарай қазақстандық құрғақ жүк тасу және паром флоты 20 бірлікке дейін жеткізіледі, бұл теңіз тасымалындағы қазақстандық үлесті 40%-ға дейін (жылына 2,8 млн тонна) арттыруға мүмкіндік береді.

«Қытай-Еуропа дәлізін дамыту аясында ресейлік және беларустық темір жолдармен бірлесіп, 2014 жылы Біріккен көлік-логистика компаниясы құрылды. Сонымен қатар, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша транзиттік тасымалдарды дамытудың белсенді жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған дәлізді дамыту аясында біздің серіктестермен бірге бірыңғай тарифтік мөлшерлемелерді бекіту жұмыстары атқарылды. Биыл Иву-Тегеран контейнерлік пойызы іске қосылды», - деп хабарлады Қ. Алпысбаев.

Компания басшысының айтуынша, жүзеге асырылған жұмыс 2016 жылы Қазақстанды халықаралық логистикалық рейтингте 160-тың ішінен 88-орыннан 77-орынға көтерілуге мүмкіндік берді, бұл ТМД елдері арасындағы ең үздік көрсеткіш.   

«2020 жылға дейінгі міндетіміз үздік логистикалық ахуалды 40 елдің қатарына кіру. Осы орайда, көлік-логистикалық инфрақұрылымды әрі қарай дамыту; «бір терезе» қағидасы бойынша кедендік және өзге де органдармен өзара әрекеттесу; аралас жүк тасымалдарының көлемін кеңейту; тасымал кезінде ақпараттық технологияларды пайдалануды жетілдіру; кедендік мағлұмдау үдерістерін автоматтандыру есебінен логистика тиімділігі индексінде Қазақстан позициясын жақсарту бойынша шаралар қарастырылуда», - деп сөзін түйіндеді Қ. Алпысбаев.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының көлік-логистикалық хабын қалыптастыру мен транзиттік әлеуетті дамыту бойынша берген тапсырмаларын іске асыру 2020 жылға қарата контейнерлік тасымалдарды дамытудан түсетін 4 млрд доллар пайдамен қамтамасыз етеді. Қазақстанның көлік-логистикалық секторын дамыту – бұл ел экономикасының драйвері, бұл саланың дамуы 2020 жылға қарата ЖІӨ бір пайыздық өсіммен қамтамасыз етеді.

1/1