Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астана «ақылды қалалар» рейтингісінде бірінші орынға шығады - Ә.Жақсыбеков

19 қараша 2014, 20:04
Астана

Астана әлемдегі «ақылды қалалар» рейтингісінде 21-ші орыннан 1-ші орынға көтеріліп, бірінші орынды Торонтомен бөліседі деп жоспарланған, деп хабарлады бүгін «Smart Astana - 2014» халықаралық конференциясында елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков. 

«Мемлекет басшысы Астана қаласын барлық әлемдік стандартқа жауап беретін «ақылды қала» ретінде салып, жетілдіруді тапсырды. Торонто қаласының рейтингте бірінші екендігі айтылды, ал Астана 21-ші орында. Ауа райымыздың өзі ұқсас екендігін ескере отырып, біздің міндетіміз - бірінші орынды Торонтомен бөлісу. Біз оны жүзеге асыратынымызға үміт артамын», - деді Ә.Жақсыбеков.

Әкім ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астананы дамыту бойынша комиссияның төрағасы екенін, және Үкімет елорда дамуына ерекше көңіл бөлетінін басып айтты.

«Үкімет Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларға сүйене отырып, Астана экономикасы мен қоғамның барлық салаларына инновациялар енгізу бойынша саясатты белсенді жүргізуде. Елорда көптеген жобаларда бірінші орынды иеленіп, үлгі болуы тиіс. Астана әлемнің интеллектуалды, инновациялық қалаларының біріне айналатындығына сенім білдіремін. Сонымен қатар әлемдік барлық стандарттарға сай келу үшін қалада барлық шаралар қолға алынып, қажетті ресустар пайдаланылады», - деп басып айтты әкім.

Оның айтуынша, Астананы «ақылды қала» ретінде дамытуға арналған екі жобаны жүзеге асыру басталды. Біріншісі – «интеллектуалды көлік жүйесі» қаланың алты көшесіне енгізілді. Осы жаңа жүйенің арқасында көлік жүктемесіне қатысты мәселені шешу мүмкін болды. Екінші жоба – «қауіпсіз қала» елорда көшелерінде видео бақылау жүйесін орнатудан, сондай-ақ «ақылды бағдаршамдар» жүйесін енгізуден тұрады.

«Қолданылып жатқан шаралар әсіресе ЭКСПО-2017 алдында өте қажет. Көрме тақырыбы «болашақ энергиясы» болғандықтан үш бағыт анықталды, олар «ақылды қаланың» қалыптасуына көмектеседі. Біріншісі ол - «Астана грин сити», энергетикалық энергия тиімділігі саласында шешімдер қабылдау. «Астана мобилити» қала көлігі мен логистика сапасын арттыруға арналған. «Welcome to Astana» қонақжайлылық сапасы мен жайлы өмір сүруді қамтамасыз ету институтын дамытуға бағытталған», - деп түсіндірді Ә.Жақсыбеков.

Сондай-ақ, ол жаңа жобалар қала «әлеуетін арттыру нүктелеріне» айналып, халыққа әлдеқайда сапалы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететінін айтты.