Геологиялық зерттеулердің жаңа орталығы әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды құруға мүмкіндік береді – ИЖТМ

26 ақпан 2014

Қазақстанда заманауи Геологиялық зерттеу орталығы пайда болады, сонымен бірге инвестициялық тартымдылықты арттыру және саланы дамыту бойынша ауықымды жұмыс жүргізілуде. Қазақстанда геологиялық кластер құру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясындағы осы және басқа да шаралар туралы Primeminister.kz сайтына Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев айтып берді.

- Нұрлан Ермекұлы, 20 ақпан күні Индустрия министрлігі жанындағы «Қазгеология» АҚ Назарбаев Университетімен бірге Қазақстанның Геологиялық зерттеулер орталығын құру туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Осы құжаттың қазақстандық геологияның дамуына әсері жайлы айтып беріңізші. 

- Расымен де, «Қазгеология» мен «Nazarbayev University Research and Innovation System» осындай меморандумға қол қойды. Орталықты құру Қазақстанда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді, оның ішінде – заманауи ғылыми-зерттеу зертханалары. Бұл, өз кезегінде, елдің ішінде талдаулар жүргізу есебінен геологиялық материалдарды өңдеуге қаржылай шығындар мен уақытты айтарлықтай қысқартуға алып келеді. Геологиялық орталық құрылысының басталуы биылғы жылға жоспарланған. 

Сонымен бірге, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен геология саласында мамандар даярлау туралы меморандумдар жасалуда. 

Қазір келісімдік міндеттерге сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын 1% кем емес инвестицияларды қазақстандық мамандарды даярлауға бағыттауға міндетті. 2010-2013 жылдары қатты пайдалы қазбалар (ҚПҚ) шығаратын компаниялардан бөлінетін сома 9,3 млрд теңгені құрады.

- Президент Жолдауында Қазақстанда геологияны дамытуға, жекелеп алғанда геологиялық барлауға баса көңіл бөлінген. Осыған қандай шаралар қолданылуда?

- Пайдалы қазбалар қорының жалпы өсіміне қарамастан Қазақстанда мыс пен полиметалдың ресурстық базасының азаю проблемасы сақталуда. 

2012 жылы  геологиялық саланы 2030 жылға дейін дамытудың Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың бірінші кезеңі шеңберінде ҚР-ның 2015-2019 жылдарға арналған минералды-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың Салалық бағдарламасы әзірленді, 160 млрд теңге бюжет бөлінген, оның 44 млрд теңгесі негізгі металл түрлері – мыс, қорғасын, мырыш және алтынның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталады. 

Бұдан өзге, сирек металдардың шикізаттық базасын дамыту бойынша жұмыс жоспарланған, бірінші кезекте, вольфрам және молибден, сондай-ақ әлем нарығында сұранысқа ие жиі кездесетін элементтер.

Қатты пайдалы қазбалар (ҚПҚ) бойынша мемлекеттік геологиялық зерттеу мемлекеттік бюджет есебінен өңірлік, барлау және барлау-бағалау жұмыстарының 175 жобасы бойынша жүргізіледі.

Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде болжамдық ресурстарды алу күтілуде: мыс – 4 млн тонна, полиметалдар (қорғасын, мырыш) – 12 млн тонна, алтын – 400 тонна; жер асты сулары кен орындарын анықтауға перспективалық учаскелер – 29, мұнай-газ перспективалық учаскелері – 21.

- Қазақстандағы геологиялық саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және заңнамалық базасын жетілдіру үшін қандай шаралар қолданылуда?

- Аталған контекстте басты оқиға екі жыл бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыларға құқық ұсынуға мораторийді жою туралы шешімді атауға болады. Мораторий алынып тастаған соң жер қойнауын пайдаланудың 105 нысаны бойынша конкурс өткізу күтілуде, конкурс биылғы жылы өтеді. 

Тосқауылдарды азайту және процедураларды жеңілдету мақсатында «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға түзетулер пакеті әзірленген. Оны қабылдаған жағдайда геологиялық барлауға инвесторлар тартуды қиындататын негізгі проблемалар шешіледі.

Бұдан өзге, бірқатар құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде барлық мүдделі тұлғаларды геологиялық ақпаратты тегін таныстыру мүмкіндігі ұсынылды.

Құпия мәліметтердің ведомстволық тізілімдеріне өзгерістер енгізу арқылы геологиялық ақпаратты ашу бойынша мәселені шешуден үлкен жағымды әсер күтілуде.