ҚР Премьер-Министрі Қазақстандағы көмір өнеркәсібінің өзекті мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды

07 тамыз 2016, 00:20
Павлодар облысы

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында көмір өнеркәсібін дамыту жөнінде республикалық кеңес өткізді.

«Кездесуіміздің басты мақсаты – еліміздің көмір өндірісі саласындағы қазіргі ахуал мен оның даму перспективаларын қарастыру. Бірақ біз стратегиялық мәселелерді қарастырумен ғана шектелмеуіміз керек. Кәсіпорындардың өзекті мәселелерін, көмір өнімінің сапасын, көмірді сыртқы және ішкі нарықтарға жеткізуді, алдағы жылыту маусымында халық үшін көмірдің қолжетімді болуын талқылаудың маңызы зор», - деді кеңесті ашқан Премьер-Министр.

Саланың жағдайы, проблемалары мен перспективалары туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев, сонымен қатар «Богатырь Көмір» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және басқа да кәсіпорындар өкілдері баяндама жасады. 

Саланың өзекті мәселелеріне қатысты нарықтағы ірі қатысушылардың басшылары: РУСАЛ біріккен компаниясының энергетикалық бизнес жөніндегі директоры Павел Ульянов, Eurasian Natural Resources Corporation PLS компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич сөйледі.

Атап айтқанда, ENRC басшысы Премьер-Министрден алда, 12 тамызда өтетін Сочидегі ЕАЭО үкімет басшыларының кездесуінде экономикалық одақ аумағында қазақстандық өндірушілер үшін тең жағдайлар мен әділ тарифтік саясат мәселесін көтеруді сұрады. 

Кеңесте Қазақстан көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін зор әлеуетке ие екені атап өтілді. Алайда ішкі және сыртқы нарықтарда өндірушілер арасында бәсекелестіктің артуына орай көптеген мәселелерді шешуге кәсіпорындардың өздері белсенділік танытуы тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша К.Мәсімов жұмыс тобын құрып, қысқа мерзімде өзекті мәселелерді шешу бойынша шешімдер қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, көмір өнеркәсібіндегі ұзақ мерзімді трендтерді ескерумен қазіргі проблемаларды шешуді пысықтауды жүктеді. 

Анықтама үшін: 

Көмір қоры жағынан Қазақстан әлемдегі көшбасшы елдер ондығына енеді. Қазақстан аумағында 400-ден астам кен орны бар, көмірдің жалпы қоры 150 млрд. тонна деп бағаланды.

Қазіргі кезде мемлекеттік баланста 49 кен орны бойынша қор ескерілген, ол 33,6 млрд. тоннаны құрайды. Бұл ішкі қажеттіліктерді толықтай қамтамасыз етіп, көмірдің ауқымды көлемін экспорттауға мүмкіндік береді. Қазіргі көмір өндірісі деңгейі оның қорының 300 жылдан астам уақытқа жететінін көрсетеді.