ҚР Премьер-Министрі Қазақстан экономикасының негізгі секторларын одан әрі дамытуға байланысты бірқатар тапсырмалар берді

31 қаңтар 2017, 15:53

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде өткен Үкімет отырысы барысында логистикалық инфрақұрылымды, тау-кен-металлургия және агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына жақын болашақтағы елімізді дамытудың негізгі басымдықтары көрсетілген жыл сайынғы Жолдауын жолдаған болатын.

Премьер-Министр тау-кен-металлургия және мұнайгаз кешенін одан әрі дамыту үшін отандық өнімді жеткізу географиясын кеңейтіп, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді дамыту қажет екенін айтты. Осыған орай, Энергетика министрлігіне жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамасына қажетті түзетулер енгізу тапсырылды.

Сонымен қатар, Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс екенін айтып өтті.

«Біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орнымызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыстырылуы керек. Бүгінде біз субсидияларды бөлу мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып кооператив құрудың, сонымен қатар, еңбек өнімділігін аттырудың жаңа қағидалары бойынша тәсілдерді әзірледік. Барлық міндеттер кешені АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс», - деді Б. Сағынтаев.

Бұдан өзге, Премьер-Министр Мемлекет басшысының жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту туралы міндет қойғанын айтты.

«Бұл үшін біз жүк тасымалына еркіндік беріп, Азия мен Еуропа арасында трансконтиненттік құрлықтық хаб болуға мүмкіндік беретін, көлік дәліздерін құрып, оларды жаңғыртуымыз қажет. Нәтижесінде біз 2020 жылға қарай контейнерлік жүктер үшін транзиттік тасымал көлемінің көрсеткіштерін жеті есеге, жолаушылар тасымалының көлемін төрт есеге арттыруымыз керек», - деді Б. Сағынтаев.

Осы орайда, инвестициялар және даму, сыртқы істер, ұлттық экономика министрліктеріне алға қойылған міндеттердің шешімін табуға байланысты қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берілді.