ҚР Премьер-Министрі Атырау әуежайының қауіпсіздігін тексерді

08 тамыз 2016, 18:10
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымының стратегиялық нысандарының жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары аясында Атырау әуежайын тексерді.

Қазақстан үшін жаңа фактор – терроризм қатерін ескерумен жұмыста қауіпсіздік шараларын күшейту туралы өкім биылғы жылғы 5 маусымда Ақтөбеде және 18 шілдеде Алматыда орын алған оқиғалардан кейін адамдар көптеп жиналатын барлық нысандарға жіберілді. Әуежайлардағы қауіпсіздік мәселелерінің бұл тұрғыда маңызы зор.  

Облыс әкімімен бірге К.Мәсімов халықаралық сектор жолаушыларының ұшып келу және ұшып кету залын, сондай-ақ жалпы күту залын аралады. Премьер-Министр әуежай жұмысы туралы баяндаманы тыңдады, сонымен қатар аэровокзал ғимаратына қосымша салынатын ғимарат құрылысының бекітілген жобасымен танысты.

Әуе айлағының жалпы авиациялық қауіпсіздігі қауіпсіздік және тексеру бөлімшелерінен тұратын авиациялық қауіпсіздік қызметімен қамтамасыз етілген.

Әуежайда жолаушыларды, олардың қолжүктерін, жолжүктерін және жүктерді тексеру арнайы техникалық құралдармен: қолжүгін, жолжүгін, жүкті және пошта жөнелтімдерін ашпай-ақ қарап тексеру жұмыстарына арналған рентгенді құрылғы және адам денесінде немесе киімінде жасырылған металл заттарды анықтайтын құрылғы арқылы жүзеге асады.

Аймақтарға сапары барысында Кәрім Мәсімов көлік инфрақұрылымы нысандарының,  әсіресе, әуежайлардың қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударады. Осыған дейін Премьер-Министр Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Қостанай, Павлодар әуежайларын тексеріп, Петропавл әуежайын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.