Қазақстанда кең қолданысқа арналған полиэтилен шығарылады – «Самұрық-Қазына»

09 тамыз 2016, 01:23
Атырау облысы

Атырау облысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия паркі» арнайы экономикалық аймағында («ҰИМП» АЭА) инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысымен, атап айтқанда, «Polymer Production» ЖШС зауытымен танысты.

Жоба полимерлік өнімнің келесі түрлерін өндіруді қарастырады: жылына 14 738 тонна биаксиалды бағытталған полипропилендік (ББПП) қабық, жылына 4 125 тонна полиэтилен қабығы және жылына 48 млн дана полипропилен қабы. Бұл ретте Қазақстанда алғаш рет өндірілген ББПП-қабығы өзге қаптаушы материалдарды ығыстырып тастайды. Қабық ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында, азық-түлік өндірісінде, бөлшек саудада қолданылады. Жобаның құны – 90 млн АҚШ долларына жуық.

Аталған өндірістердің ауқымдылығы мен капитал сыйымдылығын ескере отырып, несиелік қаражатты тарту көзделуде. Бұл орайда тиісті инфрақұрылымның қамтамасыз етілуі шетелдік инвесторлар мен несие берушілер тарапынан басты талап болып табылады.

«ҰИМП» АЭА өндірістік инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында келесі нысандарды салу жоспарланған: қуаттылығы 310 МВт газ турбиналы электр стансасы; техникалық газдарды өндіру кешені; суды әзірлеу мен тазалау кешені.

Ал жалпы зауыттық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін кедендік тексеру аймағы бар бақылау-өткізу модулі, қатты тұрмыстық шығындардың полигоны, өрт сөндіру депосы, жөндеу-құрылыс цехі, сақтау қоймасы, алаң ішіндегі су, газ, электр, жылу желілері. 

Инфрақұрылым нысандарының орталықтандырылған құрылысы және пайдаланылуы есебінен күрделі шығындарды өтеуге, модульдік құрылысты іске асыруға, мұнай-химия жобаларының тиімділігін көтеруге мүмкіндік туады.  

Қор басшысы сонымен қатар полиэтилен, бутадиен және синтетикалық каучук өндіруге бағытталған жобалардың алдағы даму жоспарларын талқылады. Барлық жобаларды «Біріккен химиялық компания» ЖШС жүзеге асырады. Атқарылған жұмыс арқасында елдің батысында құрылыс жүргізу кезінде 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, ал нысандар пайдалануға тапсырылғаннан кейін 2 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылмақ.