«Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында Астана кәсіпорындары мемлекеттік қолдауға ие болды

03 тамыз 2016, 22:29
Астана
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Астанада «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын алған кәсіпорындар бойынша баспасөз туры өтті.

Тілшілердің аралаған бірінші кәсіпорны «KazConstruction Group» ЖШС – құрылыс материалдарын (тауар бетоны және пенопалистирол) өндіруші болды. Аталған кәсіпорын «Технологиялық үдерістерді жетілдіру» құралын пайдаланып, шеф-монтаждық және іске қосу-жөндеу жұмстарына шығындарды өтеді. Директорлардың орынбасарлары кәсіпорынның технологиялық үдерістері және кәсіпорындағы болашақтағы жоспарланған жобалар туралы айтып берді.

Екінші кәсіпорын – «Астана теміржол шаруашылығы» ЖШС. Кәсіпорынның  екі консольды кранмен жабдықталған ашық алаңы бар теміржол тұйықтары, автокөлікке тиеуге жабдықталған мұнара крандары бар асфальтталған алаңдар бар, сондай-ақ кәсіпорын транзиттік жүктер мен республика ішілік жүктерді қоймада сақтау қызметтерін ұсынады.

Кәсіпорын директоры Айман Байтасқызы «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ-ның шығынды өтеу бойынша жұмысының жеделдігі (екі жұмыс күні ішінде) таң қалдырғанын айтты. Кәсіпорын қызметкерлерін оқытуға шығынды өтеп, «Кәсіпорынның құзіреттілігін арттыру» құралын пайдаланды.

«ТауКен Алтын» ЖШС үшінші кәсіпорын болды. Зауыт жобасы бағалы металдарды аффинаждау саласында үздік әлемдік баламаларға сәйкес жасалған. Аффинаж зауытының елордада орналасуын ескере отырып, аффинаждау технологиясын таңдау кезінде іріктеудің негізгі қағидаты пайдаланылатын үдерістердің экологиялылығы болды. Осыған сәйкес бағалы металдарды аффинаждаудың электрхимиялық әдісі технологиясы таңдалды, ол технологиялық үдерісте пайдаланылатын жабдық кешенімен бірге экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын сондай-ақ «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында қолдау құралдарын пайдаланды, ол еңбек өнімділігін арттыруға әсер етті.

Анықтама үшін:

«Өнімділік-2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 наурыздағы № 254 қаулысымен бекітілді.

Бағдарламаның негізгі бағыты экономиканың басымдықты секторларында қызмет жасайтын кәсіпорындарды еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыру болып табылады, ол үшін мемлекет лизингтік қаржыландыру, ішкі нарықта отандық өңделген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірісі мен жылжыту ұйымдарының тиімділігін арттыру, аумақтық кластерлерді дамыту арқылы қолдау көрсетеді.