«Ақпараттандыру туралы» заң жобасы ҚР Парламенті қарауына жіберілді

11 қыркүйек 2014, 22:23

Инвестициялар және даму министрлігі (ИДМ) әзірлеген «Ақпараттандыру туралы» ҚР заң жобасы «ашық мәліметтер» ұсынуға және бірыңғай шлюз арқылы интернетке қолжетімділікпен типтік ақпараттық жүйелерді пайдалануды міндеттейді, деп түсіндірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде заң жобасын таныстыру барысында инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев.

«Мемлекеттік органдардың типтік ақпараттық жүйелерді және еркін бағдарламалық қамтамасыз етуді міндетті пайдалану, G-Cloud-ке (электронды үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық платформасы) көшудің мүмкіндіктері лицензияланған бағдарламалық қамтамасыз етуді, құрал-жабдықты сатып алуға, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді А.Жұмағалиев. 

Сонымен, заң жобасы «электронды үкiмет» құрылымының құқықтық базасын қалыптастыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ) нарығын дамытуды мемлекеттiк қолдау, мемлекеттiк органдар қызметiнiң бизнес пен халық үшiн қолжетiмдiлiгi мен ашықтығын, ақпараттық қоғамға өту шарттарын жасау және АКТ саласындағы қауiпсiздiктi құқықтық реттеу мақсатында әзiрленген. 

Таныстырылған «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне ақпараттандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» iлеспе заң жобасы ҚР 6 кодексiне, 19 заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi қарастырады.