ЕАТ 30-дан астам халықаралық террористік ұйымды анықтады – Ю.Чиханчин

09 маусым 2016, 19:41

Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ (ЕАТ) ТМД елдерінде және еуразиялық кеңістікте терроризмді қаржыландыратын 30-дан астам халықаралық ұйымды анықтады, деп мәлімдеді бүгін XXIV жалпы отырысы аясында ЕАТ төрағасы Юрий Чиханчин. 

«Бізде бірқатар фактілер бар, нақты атқарымдар да бар, алайда бұл атқарым арнайы  қызметтермен бірге жасалуда, мен бұл істі түгел ашып айта алмаймын. Бірақ, біз іске қосқан әдіс ТМД елдеріне, еуразиялық кеңістік елдеріне қатысты жұмыс жасайтын 30-дан астам халықаралық ұйымды анықтауға мүмкіндік берді. Ондаған тұлғалар анықталып, қылмыстық істер қозғалды, бірақ жұмыс әлі де жүріп жатыр», - деді Ю.Чиханчин Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың XXIV Жалпы отырысының бірінші бөлімінің қорытындысы бойынша.

Естеріңізге салсақ, бүгін Астанада Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың XXIV Жалпы отырысы өз жұмысын бастады, оған ҚР ҚМ Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет, ҚР ІІМ, МСМ, СІМ өкілдері және Үндістан, Иран, Қытай, Ресей және басқа да бірқатар елдерден келген қонақтар қатысуда. 

Қазақстанда ЕАТ жалпы отырысы еліміздің 2011 жылы ЕАТ туралы Келісімге қол қойған күннен бастап алғаш өткізілуде, соған сәйкес ЕАТ үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болды.

ЕАТ отырысы барысында 2016 жылғы 6 мен 7 маусым аралығында өткен техникалық жәрдемдесу, өзара бағалау мен құқықтық мәселелер бойынша, қауіптер мен қадағалау бойынша, типология бойынша, есірткі бизнесіне, қылмыскерлікке және терроризмге қарсы әрекет ету бойынша жұмыс топтары жұмысының қорытындысы шығарылады.