Қазақстан мен Украина Үкіметтерінің Басшылары екіжақты сауда-экономикалық серіктестікті талқылады

04 сәуір 2013, 18:31

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстан мен Украина Премьер-Министрлері Серік Ахметов пен Николай Азаров сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғарыштық салалар, отын-энергетикалық және агроөнеркәсіптік кешендер төңірегіндегі өзара қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсу мәселелерін талқылады. 

                                  

«Қазақстан мен Украинада әлемдік қаржы дағдарысын еңсеретін мүмкіндік, әлеует және ұмтылыс бар. Сонымен қатар, дағдарысқа қарамастан елдеріміздің арасындағы тауар айналымы елеулі түрде артып, өткен жылы 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады»,-деді С.Ахметов.

Украинаны маңызды сауда және саяси әріптес деп атаған, С.Ахметов «біздің мемлекеттеріміз басшыларының сындарлы диалогы мен нақты келісімдерінің арқасында, біз жоғарғы деңгейдегі екіжақты өзара қарым-қатынасқа қол жеткіздік»,-деп атап көрсетті.

Өз тарапынан, Н.Азаров «жылдан жылға елдеріміздің арасындағы екіжақты қарым-қатынас нығайып келеді»,-деді. Оның пікірінше, бұл сапар «бұл қатынастарды одан әрі нығайтып, оған жаңа серпін береді».

Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің басшысы өз әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, Астанада екі елдің іскер адамдарының қатысуымен бизнес-форум өткізуді ұсынды.