ЭКСПО-2017 павильондарын қатысатын елдерге 2016 жылдың соңында беру жоспарланған – Е.Шорманов

13 маусым 2016, 17:38

Бүгінгі күні Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне қатысатынын 90 ел мен 15 ірі халықаралық ұйым растады, деп хабарлады «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында.

«Жылдың аяғында павильондарды халықаралық қатысушыларға қажетті дүниелерін орнатып, толтыра беру үшін беретін боламыз», - деді Е.Шорманов. 

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда 90 ел мен 15 ірі халықаралық ұйым өздерінің қатысатындарын растағанын, бұл елдерден 70 комиссар тағайындалып, шамамен 50 қатысу келісіміне қол қойылғанын айтты.

«ЭКСПО-2017 – бұл Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы халықаралық ауқымды жоба. Біз аталмыш жобаны абыроймен атқаруға дайынбыз. Бүгінгі таңда құрылыс қарқынының жақсы жүріп жатқанына және көрмеге дайындық барысы туралы ешқандай күмән жоқ», - деп баса айтты Е.Шорманов. 

Еске сала кетейік, «ЭКСПО» халықаралық мамандандарылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Іс-шараға 100 ел қатысып, 2 млн-ға жуық адам келеді деп болжануда.