ЕАЭО аясында бірқатар құжаттар Мәскеуде өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында талқыланды

19 қыркүйек 2014, 01:00

18 қыркүйекте Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыс қатысушылары Кедендік одақ пен БЭК қызметіне, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құруға қатысты аса өзекті мәселелерді қарастырды.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі басты мәселелер 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған ЕАЭО туралы Келісімге сәйкес құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ органдарының тиімді қызметтерін қалыптастыруға бағытталған мәселелер болды.

Атап айтар болсақ, Кеңес органдарының актілері мен халықаралық келіссөздерді мемлекеттік тілдерге аудару, оны жариялау тәртібі секілді мәселелер бойынша жалпы қағидалар дайындалды. Сондай-ақ, ЕАЭО Сотының жаңа құрылымын құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді.

Кеңес отырысы барысында Қырғыз Республикасының Біріңғай экономикалық кеңістікке енуінің Жол картасын дайындау жұмыстарының барысы да талқыланды.

Әлемдік нарықта Одаққа мүше мемлекеттердің фармацевтикалық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын дәрі-дәрмек сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ дәрі-дәрмек нарығын құру мәселесі талқыланды.

Отырыс аясында 2014-2015 жылдарға арналған Кедендік одақтың техникалық регламенттерін дайындау жоспары бекітіліп, Кедендік одақ аясындағы өзара сауда жасасу кезіндегі озонды бұзатын заттарды тасымалдау туралы Келісім жобасы мақұлданды.

Зияткерлік меншік нысандарына құқық бұзушылықтың алдын кесу бойынша іс-әрекетті үйлестіру мәселелері бойынша бірыңғай түсіністікке қол жеткізілді. 
 
«Бүгінгі кездесу нәтижелі болып, маңызды мәселелер бойынша сындарлы және өзара тиімді шешімдрге келдік», - деді Б.Сағынтаев.