2024 жылға қарай ішкі нарықтың отандық тауарлар есебінен қамтамасыз етілуі 100%-ға дейін жеткізіледі — Б. Сұлтанов

ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында а. ж. бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 4,8%-ға өсті. Аталған өсім алдыңғы жылы қаңтар-сәуір айларында тіркелген 5,5% құраған көрсеткіштен төмен.

«Баға өсімінің факторларын айтатын болсақ, бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдер – қант, қарақұмық жармасы, жоғары экспорттық сұранысқа ие тауарлар – күнбағыс майы, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде бағаның өсуі байқалатын көкөністер қымбаттады», — деді Б. Сұлтанов.

Сақтау шығындарының артуы және қорлардың қысқаруы көкөністер импортының ұлғаюына әкелді.

Бұл ретте бағаның өсуі бүкіл әлемнің елдерінде де тіркелді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес төрт айдың ішінде бағаның орташа өсімі 11,4% құрағанын айтып өткен жөн.

Көршілес Ресей Федерациясымен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 2-3 есе төмен.

«Жалпы айтылған сыртқы және субъективтік факторларды еске ала отырып, еліміздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлары бағаларының себепсіз өсуіне жол бермеу шаралары қолданысқа алынды деп айтуға болады», — деді сауда министрі.

Бұл қабылданған шаралардың, атап айтқанда Үкіметтің отырысында мақұлданған Әлеуметтік маңызы бар тауарларының бағаларын ұстап тұру жөніндегі Жол картасының нәтижесі болып табылады. Жол картасының 20 жедел іс-шарасы орындалды. Қалған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие және ағымдағы жылдың соңына дейін орындалатын болады.

Бағаларды тұрақтандыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мынадай жедел шараларды қолдануда:

  • монополияға қарсы әрекет ету шаралары;
  • жұмыртқа мен күнбағыс майына шекті бағаларды енгізу;
  • тұрақтандыру қорларында 7,1 млрд теңге сомасына 57,2 мың тонна азық-түлік қалыптастыру;
  • «айналым схемасы» аясында жеңілдетілген несиеге 27,8 млрд теңге бөлінді. Жақын арада тағы 4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр;
  • 3,7 млрд теңге сомасына 36,3 мың тонна азық-түлікті форвардтық сатып алуға келісімшарт жасалды.

Ішкі нарыққа әлемдік баға өсімінің әсерін азайту мақсатында нарықты отандық тауарлармен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша, елдің өндірістік қуатын импортқа тәуелді 6 негізгі азық-түлік өнімдерімен ұлғайту және ішкі нарықтың отандық тауарлар есебінен қамтамасыз етілуін 2024 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

«Ұзақ мерзімді кезеңге бағаларды тұрақтандыру тетігін құру және отандық өндірушіден сөреге дейін оңтайлы тауар қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында көтерме-тарату орталықтарының желісі түрінде ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Б. Сұлтанов. 

Бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің негізгі бағыттары үшін тиімді көлік-логистикалық арналарды құруға мүмкіндік береді. 

Барлық қабылданған шараларды еске ала отырып, қолға алу қажет: 

1. Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігіне үстем бизнес субъектілерінің бағалық сөз байласуына жол бермеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстау; 

2. Әкімдіктерге:

  • тұрақтандыру қорларын уақтылы толтыру және дер кезінде интервенцияларын ұйымдастыруды жүргізу;
  • форвардтық сатып алуды 10 млрд теңгеге дейін және «айналым схемасын» қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін кеңейту. 

Бұл бір жағынан нарық принциптеріне лайық мемлекеттік қаржылай көмегімен бағаларды тұрақтандыруға қатысатын азық-түліктің қорын 600 мың тоннаға дейін жеткізіп, нарыққа оң әсерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, бұл қаржы ресурстар бүгінгі коронакризис кезінде агроөнеркәсіп саласындағы жұмыс істейтін өндірушілерге үлкен көмек әкеледі. Бұл үшін жергілікті бюджеттердің кірістерінің артығымен орындалған қаражат қолдану қажет. 

3. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар тауарларының нақты түрлері мен көлемдерін бекіту жұмыстарын жүргізетін болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу