2026 жылға қарай Ұлытау облысында 9,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған

Бүгін, 1 қарашада, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мақұлданды. Жоспардың іске асырылуы туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы баяндады.

Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, жоба 9 бағыттан және түрлі сала бойынша іске асыруды көздейтін 126 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспардың әрекет ету аралығындағы инвестициялардың жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды деп күтілуде. Оның ішінде РБ – 124,8 млрд теңге, ЖБ – 45,8 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге.

«Облыс дамуының негізгі бағыты өнеркәсіп екенін ескере отырып, Кешенді жоспар жобасы осы бағыттағы бірқатар іс-шараны қамтиды. Нақты айтқанда, минералдық-шикізат базасын кеңейту үшін талшықты кварц өндіруді жылына 17,4 мың текше метрге дейін арттыру, 9 кен орындарында және тау-кен жұмыстарының шегінде геологиялық барлау жүргізу көзделген», — деді ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ, 9 өндірістік зауыт пен гидрометаллургиялық өңдеу кешенін салу, өнеркәсіптік реагент шығару,  сонымен бірге кен орындарын жаңғырту жолымен өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жоспарлануда.

Шағын және орта бизнес саласында Жезқазған қаласында көтерме-тарату орталығының, 3 қонақ үй кешенінің және демалыс үйінің салынуы күтілуде.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да назар аударылуда. Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан басқа, жем-шөп базасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жем-шөп және оған қоспалардың өндірісін қосу күтілуде. Іске асырылатын жобалар мал басын орта есеппен 40%-ға ұлғайтып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және инфрақұрылымды дамыту саласында 300 шақырым су құбыры, 127 шақырым су бұру, 130 шақырым жылу желілері жөнделеді және салынады, сондай-ақ жылу станциясы жаңғыртылып, Жезқазған қаласында ЖЭО-2салынады. Сондай ақ тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге немесе 1 058 пәтерге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын жаңарту жүргізіледі.

«Көлік инфрақұрылымы аясында теміржол вокзалы және әуежайдың ғимараты, оның ішінде ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылады. Еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары ашылады деп болжануда, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарланып отыр», — деді ұлттық экономика министрі.

Медициналық мекемелердің және денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымның жетіспеушілігі проблемаларын шешу мақсатында 235 орындық және 350 келушіге арналған 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Білім беру саласында 880 орындық 4 балабақша және 1100 орындық 4 оқушылар сарайының құрылысы жоспарлануда, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталатын болады. Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау жоспарланған.

Кешенді жоспардың бірқатар іс-шарасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, Жезқазған және Сәтбаев қалаларын көгалдандыру, сондай-ақ Кеңгір және Жезді су қоймаларын тазарту  жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Осы шараларды іске асыру шеңберінде 2026 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 40,8%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 35%-ға өседі деп болжануда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,7 есеге, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есеге артады.

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 100%-ға, ал оқушыларды қосымша біліммен қамту 80%-ға жетеді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 98%-ды құрайды, 9,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Тұтастай алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.

Кешенді жоспардың іске асырылуы туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы да баяндама жасады.

«Өңірдің негізгі проблемалары күрделі экологиялық ахуал, ауыз су сапасының төмендігі, салық түсімдерінің үлесі 90%-дан асатын қала құраушы кәсіпорынға деген тәуелділік деңгейінің жоғарылығы, оған қоса экономиканың әлсіз әртараптандырылуы, халықтың кетуі болып отыр», — деді өңір басшысы.

Әлеуметтік бағытта денсаулық сақтау және білім беру салаларында кадр тапшылығы байқалады, инженерлік инфрақұрылымның тозуы 80%-дан асады, апаттық тұрғын үй үлесі жоғары, жолдардың тозу деңгейі шамамен 30% және елдің негізгі көлік дәліздерінен қашықтығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеміс-көкөніс дақылдарының негізгі түрлерін өсіру мүмкіндігінің жоқтығы негізгі азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсуіне әсер ететін және облыс экономикасының дамуын тежейтін негізгі факторлар болып табылады.

«Минералды-шикізат базасын кеңейту бағытында  жаңа «Кварц желісі 81» және «Батыс Қаражал» кен орнының ашылуы мен  10 кен орнында  геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді көздейді, бұл өз кезегінде 150 жаңа жұмыс орнын ашады», — деді Б. Әбдіғалиұлы.

Өңірді индустриялық-инновациялық дамыту шеңберінде жалпы инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асатын 3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 16 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Олар: 

  • өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытының құрылысы,
  • қуаты орташа мұнай өңдеу зауыты,
  • гидрометаллургиялық өңдеу жолымен қара мыс концентраттарын өндіретін зауыт, 
  • құрамында алтыны бар кендерді үймелі шаймалау жөніндегі қайта өңдеу кешені,
  • Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехы.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының құралдары белсенді қолданылады және «Табысқа жету жолы» кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беріліп, Жезқазған қаласында көтерме-тарату орталығы мен гипермаркет салынады.

Өңірге туристерді тарту үшін Жезқазған қаласында қонақ үй кешендері, Ұлытау ауданында туристік орталық және санаторий үлгісіндегі демалыс үйі салынады.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында 11 инвестициялық жобаны іске асыру өңірге 8 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді және облыс тұрғындарын ет және сүт өнімдерімен, картоппен және көкөністермен қамтамасыз етеді. Жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру бойынша жемшөп базасын құру, сондай-ақ 2026 жылға қарай майлы дақылдардың егіс алқаптарын кезең-кезеңімен 5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта 130 км жылу желілері мен жылу станциясын жаңғырту, Сәтбаев қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін заманауи бу-газ жабдықтарын салу қажет.

Өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үйтас-Айдос су тартқышы қайта жаңартылады, Қожамсейіт кен орнының су тартқышы және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысына дейін су тартқыш, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау ауданының 12 ауылдық елді мекенінде су құбыры желілері салынады. Барлығы 300 км сумен жабдықтау және 127 км су бұру желілері салынып, реконструкцияланады. Газ инфрақұрылымын дамытуға 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданының кенттері, Сәтбаев қаласының жеке секторы, Жезқазған қаласының Кеңгір ауылы газдандырылады.

Көлік және логистика бағыттары бойынша Жезқазған қаласындағы Теміржол вокзалы мен әуежайдың қолданыстағы ғимараттарын қайта жаңарту және жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, облыс орталығының Шымкент қаласымен жаңа әуе қатынасы ашылады. Сонымен қатар 227 км облыстық маңызы бар автожолдар мен 118 км қалаішілік және кентішілік жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарланған.

Мектепке дейінгі білім беру және медициналық мекемелердің, сондай-ақ инфрақұрылымның жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 4 балабақша, 4 оқушы сарайы және 5 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы көзделген. Сондай-ақ Жезқазған қаласында Ұлытау облысының білім беру қызметкерлері үшін қызметтік тұрғын үй салу жоспарлануда.

Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары тұрақты дамуды қамтамасыз етуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

«2026 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің 41%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 35%-ға өсуі қамтамасыз етіледі. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есе артады. 9,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру және 1 трлн теңгеден астам жеке инвестиция тарту мультипликативті әсер береді», — деп атап өтті облыс әкімі Б. Әбдіғалиұлы. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу