«Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі үш жыл ішінде 8,9 трлн теңгеден 10,1 трлн теңгеге дейін өсті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылуын және жергілікті қамтуды дамыту мәселесін қарау барысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.

Соңғы үш жылда дайын, өңделген өнім өндірісінің едәуір өсуі байқалады. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі 2018 жылғы 8,9 трлн теңгеден 2019 жылы 10,1 трлн теңгеге дейін өсті. Биыл да өсім болды. 10 айда нақты көлем индексі 104%-ды құрады. Дайын, өңделген өнімді шығару озық өсім көрсетіп отыр.

«Дайын, өңделген тауарлар шығарылымының өсуіне байланысты импорт үлесі төмендеуде. Тұтынуда қазақстандық тауарлар өндірісінің үлесі өсуде. Осылайша, 2020 жылы отандық өнім өндірісінің үлесі 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті. Соңғы 2 жылда өнімнің бірқатар түрлері бойынша өсім екі мәнді көрсеткіштерге, ал жекелеген түрлері бойынша 1,5-2 есеге жетті. Биыл өндірістің өсу қарқыны жалғасты», — деді Р. Дәленов.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру дайын, өңделген өнімнің өсуіне ықпал етеді. Осы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жетілдіру бойынша бірқатар шаралар қабылданды.

Бірінші. Кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша. Берілетін мемлекеттік кепілдік мөлшері ұлғайтылды, кепілдік беру мерзімі 2 есе қысқартылды және агроөнеркәсіптік кешен өндірісі жобалары үшін кепілдік көзделді.

Екінші. Бағдарлама мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарта отырып, кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайтылды. Кредиттеуді ұлғайту үшін әрбір Екінші деңгейдегі банктер лимиті арттырылды.

Үшінші. Кредиттеуді ұлғайту мақсатында экономикалық қызмет түрлері кеңейтілді, сондай-ақ «Қазақстан даму банкі» АҚ арқылы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру ұлғайтылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры 509 жобаны субсидиялады. 

«Ең көп қаржыландырылған жобалар азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдары мен металл бұйымдарын, пластмасса, жиһаз және киім өндіру салаларында. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Даму» қоры арқылы субсидияланған жобалардың кредиттік портфелі 338,6 млрд теңгені құрайды. Кредиттік портфельдің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қолдаумен қамтылған кәсіпорындарды мониторингілеу нәтижесі оң динамиканы көрсетеді. Осы жылы бұл кәсіпорындар табысты және төленген салық көлемін сақтап қана қоймай, сәйкесінше арттырды», — деді ұлттық экономика министрі.

Биыл кредиттеудің барлық бағдарламалары бойынша қаржылық қолдау көлемі айтарлықтай артты. Осылайша, қолдау көрсетілген кредиттік портфелінің сомасы 2 трлн теңгеге жетті және ол 34 мыңнан астам жобаны қамтиды.

Жалпы, кредиттеу бағдарламалары дайын отандық тауарларды өндіруді ынталандыруда және оң макроэкономикалық ыкпал етуде.

Сонымен қатар қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен (ИИДМ, СИМ, ҰЭМ) және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп тұрақты негізде жергілікті қамтуды қолдау бойынша жұмыс жүргізеді.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында келесі шаралар қабылданды:

Біріншіден, ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу бойынша Үкіметтің 2 қаулысы қабылданды. Олар:

1) авто, трансформаторлар және кабельдер;

2) жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз және цемент.

Екіншіден, көрсетілген позициялар Алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілді. Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің негізгі критерийі – индустриялық сертификаттың болуы. 

Үшіншіден, Мемлекеттік сатып алу туралы заңда тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерде ұлттық стандарттарды көрсету міндеті белгіленді.

Төртіншіден, Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдарын пайдалануды көздейтін құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттар бекітілді.

«Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту барысында Парламенттегі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасында мынадай түзетулер анықталуда: біріншіден, мемлекеттік сатып алуларда тауарларды кепілді сатып алуды, оффтейк-келісімшарттарды пайдалану. Екіншіден, ұлттық стандарттарға, Индустриялық сертификаттарға және СТ-КЗ сертификаттарына байланыстыру арқылы, реттелетін сатып алудың барлық түрлері үшін бірыңғай кодификацияны пайдалана отырып, Тауарлардың электрондық каталогын енгізу. Үшіншіден, мемлекеттік сатып алуларды толық орталықтандыруға көшу. Бұл жергілікті қамтуды арттыру мәселелерін орталықтан реттеуге мүмкіндік береді», — деді Берік Шолпанқұлов.

Бұл ретте, аталған шаралардың ішінен отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді механизмі ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу екенін атап өткен жөн. Сондықтан бейінді министрліктерге (ИИДМ, АШМ, СИМ) осы құралды неғұрлым белсенді пайдалану ұсынылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде елімізде 994 жер қойнауын пайдаланушы тіркелді. 2019 жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың сатып алу көлемі 7,7 трлн теңге болды. Жергілікті қамту үлесі 45% құрады.

«Биылғы 9 айда қатты пайдалы қазбаларды қоспағанда, бұл көрсеткіш 3,8 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 46,6%. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорындарға көрсетілетін преференцияларды кезең-кезеңмен алып тастау көзделген. Жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту жөніндегі талаптар алып тасталады», — деді Б. Атамқұлов.

Бұл ретте, жұмыстар мен қызметтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімдердегі жергілікті қамту үлесі 50%-дан аспайтын болып белгіленеді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелерді ескере отырып, ішкі нарықты одан әрі дамыту мақсатында отандық өндірісті қолдау жалғастырылады:

  • 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік сатып алуда тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың арнайы тәртібі нормасы қолданылады. Оған 3400-ге жуық отандық кәсіпорын аккредиттелген;
  • осы жылдың 30 қарашасында индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктері мен ірі мұнай-газ операторлары арасында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру ниеті туралы келісімге қол қойылды;
  • ұлттық режимнен алып тасталатын атаулар тізбесін кеңейту жұмыстары жүзеге асырылуда; 
  • 2021 жылы мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған үшжақты келісімдер жасау механизмі енгізіледі.

Уәкілетті органдар (ИИДМ, ЭМ), «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы енгізілетін үшжақты келісімдер ерікті негізде іске асырылады.

Келісімде тауарлардағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелер көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар соның аясында тауарларды сатып алудың реттелетін тәртібі нормаларын қолданбай тауарлар сатып ала алады.

Бұл шара тауарларды сатып алу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өнім берушіні таңдау кезінде шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.

Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне тиісті түзетулер енгізіледі. Қабылданып жатқан шаралар болашақта отандық өндірісті ынталандыру үшін жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп жатыр. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдің айтуынша, Жобалау кеңсесі бір жарым жылдан бері кәсіпкерлік мәселелері бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын үнемі қадағалап, жетілдіріп келеді. Бағдарламаның инвестициялық бағытын ескере отырып, 2 254 жоба қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңарту және кеңейтуді, ал 332 жоба жаңа өндіріс орындарын құруды көздейді. 

«Барлық жобалар ең алдымен тұтынушылық тауарлардың импортын алмастыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жобалау кеңсесі өндірістік кәсіпорындарды қайта жүктеу, отандық өнімді тұтынуды арттыру мақсатында сатып алулардағы жергілікті қамту үлесінің артуына бақылау орнатқан. Осы жылдың 11 айындағы мәлімет бойынша әкімдіктердің көпшілігі осы жылға бекітілген KPI көрсеткіштеріне қол жеткізді», — деді Р. Скляр. 

Келесі жылы жергілікті қамту үлесін 20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша жұмыс күшейтіледі.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу