Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Президент жиынға дейін қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілерге арнап орнатылған «Мәңгі есімізде» монументіне гүл қойып, тағзым етті.

Отырысты ашқан Жоғарғы Бас қолбасшы келер жылы қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатынын атап өтіп, осы жылдар ішінде бейбіт өміріміздің қорғаны болған ұлттық әскеріміз толық қалыптасқанын, еліміздің армиясы егемендігіміз бен тұтастығымыздың тірегіне айналғанын айтты.

«Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы», — деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылығын жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да күрт өзгеріп жатқан әлемдегі ахуалды жіті бақылап отыруға шақырды. Оның сөзінше, қазіргі қауіпсіздік архитектурасы дағдарысқа ұшыраған.

Мемлекет басшысы ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді деп санайды. Оған Брест бітімінен бастап Қап тауындағы соңғы жағдайларға дейінгі тарихтың жаңа парақтары куә.

«Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары әскери жоспарлау құжаттарын дайындау бойынша ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті. Бұл армия мен мемлекеттік органдардың сыртқы қауіп-қатерге қарсы мақсатты түрде дайындық жүргізуіне мүмкіндік берген.

Президенттің пікірінше, осыған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтау үшін Қарулы Күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет.

Атап айтқанда, әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру аса маңызды. 

«Қорғаныс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, 2021  жылғы 1 қарашаға дейін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардағы идеологиялық жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол әскерилерді әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесіне тоқталды. Президент келесі жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі артатынын, алдағы 3 жыл ішінде әскери қызметшілерге берілетін қаржылай төлемді орташа есеппен 30 пайызға көбейту туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Жоғарғы Бас қолбасшы армияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен әскери жаттығуларда қазақстандық әскерилер жоғары дайындығын көрсетіп, бітімгерлік миссияларға қатысуға әзір екенін атап өтті. Осыған орай Қорғаныс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2021 жылдың 1 тамызына дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді міндеттеді.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Бейрут портындағы жарылыстың салдарын жою кезінде Ливан халқына көрсеткен көмектері үшін Қарулы Күштердің әскери дәрігерлеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарған барлық әскери қызметшілерге алғыс айтты. 

Президент қазақстандық армияның ең озық цифрлық технологиялармен және құралдармен жабдықтаудың маңызды екенін ескертті. Бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы әскери құрылымдарды қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етудің бірқатар басымдығын атады. Президент әуе қорғанысын күшейту, әскер түрлерінің радоиоэлектронды күрес элементтерін дамыту, әскердің жедел әрекет ету әлеуетін көтеру мақсатында әскери-транспорттық авиация паркін арттыру бағыттарына басымдық берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев армия мемлекетіміздің тірегі, егемендіктің кепілі екенін және әрбір қазақстандық сарбаз бен сардар қастерлі Тәуелсіздігімізді күзетіп тұрғанын ұдайы есінде ұстауға тиіс екенін айтты.

Алқа мәжілісінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Президентке Қарулы Күштерді дамытудың қорытындылары, сондай-ақ, министрліктің стратегиялық бағыты жөнінде есеп берді.

Сонымен қатар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің танк бригадасының командирі Табылды Исалиев пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскері 66597 әскери бөлімінің взвод сержанты Азат Шайхы баяндама жасады.

Жиыннан кейін Президент елдің Қарулы Күштерінің құрамындағы радиоэлектронды күрес жүргізуге арналған заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың үлгілерімен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу