Қазақстан Еуроодақпен денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 11-отырысына қатысушылар денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Шараға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Австрия, Бельгия, Болгария, Германия, Италия, Нидерланды, Португалия, Словакия, Финляндия, Хорватия, Чехия және Швеция елшілері, сондай-ақ ҚР орталық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, денсаулық сақтау – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін келешегі зор салалардың бірі.

Үкімет басшысы биыл республикада «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданғанын еске салды, оның негізгі мақсаты – 2027 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 75 жылға дейін ұлғайту. Сонымен қатар, оның айтуынша, ҚР препараттарды келісім-шартпен өндіру механизмін іске асыру арқылы фармацевтикалық өнімдердің өндірісін 50%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

«Қазақстан мен Еуроодақ алдында медицина және фармацевтика салаларындағы әріптестікті нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашылды. Біз өзара ынтымақтастыққа және алдымызда тұрған міндеттерді бірлесіп шешуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Отырысқа қатысушылар сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, медициналық мекемелерді басқару, дәрі-дәрмектерге баға белгілеуді реттеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.

Шара аясында «сұрақ-жауап» сессиясы өтті, оның барысында орталық мемлекеттік органдардың өкілдері шетелдік әріптестердің қызықтырған тақырыптары бойынша сауалдарына жауап берді.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр Үкімет алдағы уақытта өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қадамдарды әзірлеу және іске асыру үшін келіп түскен ұсыныстарды жедел қарайтынын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу