Қазақстанда 5 басым туристік бағыт анықталды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық туризм мен ұлттық парктерді дамыту мәселелері қаралды. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50%-ға өсті. Бұл – 6,9 млн адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға жоғары. Сонымен қатар 2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристер саны азайды, бұның себебін карантиндік шаралар мен сыртқы шекаралардың жабық болуымен байланыстырамыз.

Ұлттық саябақтарға келушілердің саны артты. Іле Алатауы (212 мыңнан 430 мыңға дейін), Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін), Шарын (16 мыңнан 35 мыңға дейін) сияқты ұлттық парктерге келушілер санының еселеп өскені байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді құрады. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсек-орынды құрады. Тек Түркістан облысында 40 қонақ үй салынды.

Аймақтар арасында Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарынан өзге өңірлерде орналастыру орындарының көбейгені байқалады.

«Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты болып отыр. Мысалы, Ақмола облысында көрсетілетін қызметтер көлемі 3 млрд теңгеге жуық, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті», — деді Д. Абаев.

Алайда бұл көрсеткіштің Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында айтарлықтай төмендегені байқалады.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаға сәйкес 170 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. 2021 жылы 22 000 адамды нақты жұмыспен қамту көзделсе, бұл көрсеткіш жыл соңында 31 680 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды. Биыл қосымша тағы 25 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Мемлекет қабылдап жатқан шараларды ескере отырып, инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінде ел өңірлерінде туризм инфрақұрылымының жалпы қажеттілігі 870,5 млрд теңге болатын 244 жобаны құрады.

Басым туристік дестинациялар инфрақұрылымдық жобаларының қажеттілігі 422,8 млрд теңге болатын 178 жобаны құрайды.

«Туристердің жайлылығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін, дестинацияларда инфрақұрылым салудан басқа, маршруттар бойындағы инфрақұрылымның дамуына назар аудару, сондай-ақ туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамыту қажет. Еліміз бойынша «Қазақстанның Гранд-туры» негізіне кіретін бес басым бағыт айқындалды. Бұл қазірдің өзінде сұранысқа ие бағыттар», — деді мәдениет министрі.

Сұранысқа қарамастан, барлық маршрут көптеген туристі қабылдауға бірдей дайын емес екенін атап өткен жөн. 

Сондай-ақ Дәурен Абаев NeoNomad акцияларына жеке тоқталып өтті. Жобаның мәні – Қазақстанға келетін туристерге ұсынылатын орындар тізімін қалыптастыру. Барлық орынға барған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жобаны кеңінен жария ету өңірлердегі бірегей орындарға назар аударуға мүмкіндік береді.

«Жоба барлық өңірде 20 дестинацияны қамтиды, объектілердің біраз бөлігі гранд маршруттар бойында орналасқан. Болашақта инфрақұрылымды жақсарту және гранд-маршруттарды кеңейту кезінде бұл орындар Қазақстан бойынша бір үлкен маршрутқа біріктірілуі мүмкін», — деп түсіндірді ол.

«Мемлекет қабылдаған шараларға байланысты бизнестің инвестициялық белсенділігі артты. Осылайша 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылды. 2021 жылы 226 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба енгізілді, ал биылға 5,2 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Түркістандағы «Керуен сарай» кешенінің іске қосылуы, Ақтаудағы «Тетис Блу» тақырыптық паркі, Алматыдағы Swissotel және HolidayInnExpress және басқа да ірі инвестициялық жобалар тізіміне кіреді.

2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 564,4 млрд теңгені құрады. Жоспарланған көрсеткіштерге 8 өңірде қол жеткізілді.

Биыл қаңтар-сәуір айларында салаға 75,6 млрд теңге тартылды, 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 1 трлн теңге. Өңірлерде инвестициялар тарту қарқынын арттыру қажет.

Биыл 1 қаңтардан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қолданысқа енгізілді. Оларды жетілдіру мақсатында Министрлік Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар ведомство басшысы өңірлердің назарын дәретханалардың жағдайына аударды. Аталған мәселені жеке бизнесті тарту арқылы шешкен дұрыс.

Қазіргі уақытта 25 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді, 74 елге визасыз режим қалпына келтірілді, құрлық шекаралары ашылды. Таяу келешекте визалық режимді одан әрі либерализациялау міндеті тұр.

Д. Абаев Мемлекет басшысының Қытай азаматтары үшін 10 тәулікке дейін визасыз режим енгізу, сондай-ақ Үндістан азаматтары үшін 5 тәулікке дейін және Иран азаматтары үшін 3 тәулікке дейін визасыз транзиттік режим енгізу жөніндегі саяси шешімін еске салды. Жақын арада Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы бекітуге енгізіледі.

Туристік саланы цифрландыру аясында жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта eQonaq жүйесінде еліміздің барлық өңірінде 3123 орналастыру орны тіркелген. Тіркеуден 159 320 шетелдік турист өтті, оларға «Көші-қон полициясы» жүйесіне енгені туралы хабарлама жіберілді.

«Туризм нысандарының, гидтердің, туркомпаниялардың, жол бойындағы сервистердің жұмыс сапасын бағалау үшін шағымдар мен пікірлерді қабылдайтын цифрлық модуль құрылды. Алынған ақпарат туристік өнімдердің сапасын бақылау, өңірлердің рейтингтерін құру, кемшіліктерді анықтау және нақты шешу үшін пайдаланылатын болады», — деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстанда білікті гидтердің жетіспеушілігі байқалады. Оларды дайындау және сертификаттау жүйесі жаңғыртуды талап етеді. Осы мақсатта гидтердің бірыңғай тізілімін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Платформа гидті тіркеуге, сертификаттауды растауға, жұмыста пайдалану үшін QR коды мен бейдж алуға өтініш беруге мүмкіндік береді. 

Бұл жүйе – гидтер мен экскурсия жетекшілерін іздеу мүмкіндігі бар толыққанды деректер базасы, ал QR-кодтар жүйесі өз кезегінде белсенді емес гидтерді анықтауға және тізілімнен шығаруға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша жақында жарияланған жаһандық туризм рейтингінде Қазақстан 80 орыннан 66 орынға көтеріліп, өз позициясын жақсартты.

«Еліміз “Баға бойынша бәсекеге қабілеттілікте” (1-орын), “Туризмнің маусымдылығында” (26-орын), “Табиғи ресурстар” бойынша (33-орын), “ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұра объектілерінің саны” бойынша (42-орын) жоғары баға алды. Саланың басымдылығы мен инфрақұрылымды дамытуда еліміз ерекше аталып өтті. Онда біз Әзербайжан, Индонезия және Мысыр сияқты елдерді басып оздық», — деді министр. 

Сонымен қатар экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ұлттық парктер аумағында экологиялық туризмнің дамуы туралы баяндады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 млн гектарды құрайтын 14 ұлттық парк бар.

Соңғы жылдардағы статистика туристер санының өскенін көрсетеді. Мәселен, 2021 жылы ұлттық парктерге келген туристердің саны шамамен 1,5 млн адам құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 40 пайызға жоғары.

«Ұлттық парктер аумағында халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа маршруттар және соқпақтар салу арқылы экотуризм дамып келеді. Бұл ретте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ этноауылдары мен керуен-сарай салынуы көзделуде. Осыған байланысты барлық ұлттық табиғи парктер жұйесін дамыту бас жоспарлары бекітілді, кейбір парктер бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Экология министрлігінің басшысы.

Алматы тобының ұлттық парктерінің орналасуы мен танымалдығын ескере отырып, Министрлік 4 парк – Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Шарын және «Алтын Емел» бойынша жұмысты бастады. Экотуризмді дамытудың шеберлік-жоспарлары әзірленді. 26,5 млрд теңге инвестиция әкелетін потенциалды инвесторлар айқындалды. 2020-2021 жылдары шамамен 2 млрд теңге инвестицияланды. Жобаларды іске асыру жұмыстары басталып кетті. Осылайша, Іле Алатауы ұлттық паркінде бүгінгі күні Аюсай шатқалында күрделі құрылыссыз жеңіл құрылымдардан визит-орталық салынды, 5 глэмпинг, 5 кемпинг орнатылды, ұзындығы 60 метр Үлкен Алматы өзені арқылы көпір және Аюсай шатқалының айналасында соқпақтар салынып, оған қоса 2 визит-орталықтың құрылысы басталды. Жаңа 220 жұмыс орны ашылды.

Алматы тобының қалған ұлттық парктері бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту үшін көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсері алдын ала бағаланды және шағын сәулет нысандары белгіленді. Жұмыс жалғасып жатыр. Инженерлік инфрақұрылым және процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Министрлік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, Алматы облысының ұлттық парктеріне инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша жол картасын әзірлеп, бекітті. Қазірдің өзінде 685 км туристік маршруттар мен соқпақтар жайғастырылды, 12 км жолға жөндеу жүргізілді және электр беру желілерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Сондай-ақ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді көлі мен «Алтын Емел» ұлттық паркінің бақылау-өткізу пунктіне келушілер үшін интернет желісі қосылды. Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Шарын, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Катон-Қарағай, Қарқаралы, Бұйратау, Баянауыл, «Көкшетау» және Сайрам-Өгем ұлттық парктері келушілердің онлайн кіру билеттерін сатып алуы үшін «kaspi.kz» төлем қызметтеріне қосылған.

«Тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді С. Брекешев.

Бұдан басқа, Имантау-Шалқар курорттық аймағы туризмді дамыту үшін пилоттық жоба ретінде инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жеке инвесторларды тарту үшін Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына беріледі. Осыған байланысты, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп жатқан «Көкшетау» ұлттық паркінің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары түзетілді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Экология министрлігіне мынадай мәселелер бойынша құзырет беру бөлігінде бірқатар түзетулер пысықталуда:

Бірінші. Халықты қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, қар көшкіндері, көшкіндер) әсерінен қорғау және сел-көшкін қорғау құрылыстарын салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру.

Екінші. Инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерін жүргізу бөлігінде инфрақұрылым салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аймақ жерлерін ауыстыру..

Үшінші. Ерекше қорғалатын табиғи аймақ ішіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды елді мекендердің жерлеріге көшіру.

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Щучинск-Бурабай курорттық аймағының қарқынды дамуы туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы қарқынды дамып келеді. Аймақ аумағында 3 мыңнан астам нөмір сыйымдылығымен 189 орналастыру орны орналасқан. Өткен жылы іске қосылған 2 қонақ үй есебінен нөмірлік қор 7%-ға артты. Инвестициялау сомасы 3,5 млрд теңгені құрады», — деді өңір басшысы.

2021 жылы келушілер санының өсуі 38% немесе 900 мың адамды құрады.

Биыл «Кедровый бор» қонақ үйі пайдалануға берілді, сондай-ақ «Ақбура Резорт» қазіргі заманғы курорттың 1 кезеңінің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Инвестициялау сомасы – 4,7 млрд теңге.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының 3 кезеңінің аясында 27 іс-шараның арасынан 8,1 млрд теңге жалпы сомасына 11 жүзеге асырылды.

Сонымен қатар 21 млрд теңгеге 16 іс-шараны жүзеге асыру жалғасуда. Биылғы жылы 5 инфрақұрылымдық жобаны аяқтауға 3,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің рекреациялық аймағын абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Жаз маусымына 29 экологиялық туристік маршрут дайындалды. Парк аумағында экологиялық мониторингілеу және өрттерді ерте анықтау жүйесі енгізілді», — деді Е. Маржықпаев.

Облыста туризм саласының шамамен 600 кәсіпорны жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандардың саны 2020 жылға қарағанда 13% өсіммен 21 мың адамды құрады.

Өкінішке орай, пандемия кезеңінде орналастыру объектілерінің саны аздап қысқарды. Сонымен қатар 1,5 мың орынға біржолғы сыйымдылық артты. Сондай-ақ өткен жылы өңірдің туристік объектілерінде 23% өсіммен 1 млн-нан астам адам болды, оның ішінде сырттан келген туристер саны шамамен 3 мың адамды құрады.

«Шекаралардың ашылуын ескере отырып, осы жылы туристер легінің 1,2 млн адамға дейін, ал 2025 жылға қарай 1,6 млн адамнан астам артуы күтілуде. Жалпы, биыл инвестициялаудың 18 млрд теңге жалпы сомасына туризм саласында 75 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», — деп түйіндеді Ақмола облысының әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу