Қазақстанда АӨК саласында жүзеге асырылған инвестициялық жобалар бойынша көшбасшы облыстар анықталды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі (АӨК) инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 659,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға ұлғайды. Сондай-ақ тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 91,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары. 

«Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеп, бекіткен болатын. Жол карталарына сәйкес жалпы сомасы 4,4 трлн теңге болатын 934 инвестициялық жобадан пул жасалды», — деді ҚР АШМ басшысы. 

Осы жобалар пулынан негізгі ірі бағыттар айқындалды.

  • ет өндірісі – 1 трлн теңге сомасына 301 жобаны іске асыру; 
  • жылыжай кешендері – 1 трлн теңге сомасына 67 жобаны іске асыру;
  • сүтті мал шаруашылығында – 452 млрд теңге сомасына 186 жобаны іске асыру;
  • құс шаруашылығында – 373 млрд теңгені құрайтын 47 құс фабрикасын салу; 
  • өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында – 300 млрд теңге сомасына 73 жобаны іске асыру жоспарланған.

5 жыл ішінде қантпен қамтамасыз ету 80%-ға дейін жеткізіледі, жалпы сомасы 228 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру көзделген. Қарқынды бақтар саласында 100 млрд теңге сомасына 32 жобаны іске асыру жоспарлануда. Өзге де бағыттар шеңберінде жалпы сомасы 834 млрд теңгеге 225 жобаны іске асыру жоспарда бар, олар суару, тұқым шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру және т. б. бағыттардағы жобаларды қамтиды. 

Бекітілген Жол карталарына сәйкес 2021 жылға 263 млрд теңге сомасына жоспарланған 285 жобаның ішінен осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 241 млрд теңге сомасына 268 жоба пайдалануға берілді, әкімдіктердің ақпараты бойынша биылғы жылдың соңына дейін 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Іске асырылған жобалар бойынша көш басында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары тұр. Сондай-ақ 2021 жылғы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орындалу деңгейі шамамен 94%-ды құрайтынын атап өткен жөн.

Инвестициялық жобалардың бағыттары бойынша ахуал мынадай болып отыр.

11 айдың қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 34,3 млрд теңге сомасына 27 жоба, 7,5 млрд теңге сомасына 6 ет комбинаты, бақтар отырғызу саласында 10,3 млрд теңге сомасына 14 жоба, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 2,3 млрд теңге сомасына 6 жоба, тұқым шаруашылығы бойынша 1,7 млрд теңге сомасына 4 жоба, сондай-ақ 12,9 млрд теңге сомасына 28 репродуктор пайдалануға берілді.

Өңірлер әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, жыл соңына дейін 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Экспортталатын өнім көлемін ұлғайту мақсатында Министрлік өңделген өнім экспортына басымдық бере отырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

2021 жылдың 9 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі $2,6 млрд құрап, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға өсті. Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі $950,5 млн құрады, бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының құрылымында өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде. Азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі шамамен 85%-ды құрайды, құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сияқты тауарлар импортқа тәуелді. 2021 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірімшік пен сүзбе өндірісі 18,6%-ға, шұжық өнімдері 9,5%-ға, алма 7%-ға, қант 28,9%-ға, балық өндірісі 10,1%-ға ұлғайды», — деді Е. Қарашөкеев.

Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының III бағытын іске асыру шеңберінде Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2021 жылғы 18 қазандағы хаттамасына сәйкес «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары арқылы қаржыландыру жолымен құны 311,9 млрд теңгені, қаржыландыру сомасы 100 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді. Алдын ала бағалау бойынша 40 инвестициялық жобаны іске асыру 4 263 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Министрлік трансұлттық компаниялардың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 10 аса ірі инвестициялық жобаны іске асыруды пысықтауда. Инвестициялардың жалпы сомасы $2,3 млрд құрайды.

«Tyson Foods» компаниясы жалпы құны $300 млн құрайтын ет өңдеу зауытын салуды көздейді.

«Valmont» компаниясы жалпы инвестициялар құны $50 млн құрайтын жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ швейцариялық компаниялар қатысатын жобалар пысықталуда. «KS Genetics» компаниясы Алматы облысында толық циклді инновациялық, экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы кешенін құру бойынша жалпы құны $49 млн құрайтын зауыт салу жобасын жоспарлауда.

«INOKS» компаниясы Алматы облысында аумағы 1000 га болатын қарқынды бақ отырғызу және жалпы сыйымдылығы 7900 тоннаны құрайтын жеміс сақтау орнын, жеміс өңдеу цехтарын салу жобасын іске асырады. Жобаның жалпы құны $81,5 млн құрайды.

Голландиялық «Farm Frites» компаниясы Жамбыл облысында фри картобын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – $145 млн.

«QazSugar» компаниясы Жамбыл облысында қант өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруда. Жалпы құны $220 млн құрайды.

Ресейлік «Экокультура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында жалпы ауданы 500 га құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын іске асыруда. Жалпы құны $1,3 млрд құрайды.

«Fruit Art» компаниясы Алматы облысында сублимация зауытын, жеміс сақтау орнын, жылыжай комбинатын және плантациялар салу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жалпы құны $77 млн құрайды.

Түркиялық «Goknur Gida» компаниясы Жамбыл облысында аумағы 5 000 га құрайтын қарқынды бақ отырғызу, жеміс өңдеу цехтарын салу жобасын іске асыруды жоспарлауда. Жобаның жалпы құны $98 млн құрайды.

Германиялық «Baumann» компаниясы қазіргі уақытта Алматы облысында $31,2 млн сомасына қой етін өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруда.

«Министрлік жобаларды іске асыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласына инвестициялар тарту шеңберінде жұмысты қарқындату бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Биыл жоспарланған жобалардың ішінде 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске қосу ғана қалды. Осыған байланысты, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асырып, пайдалануға беру жұмысын жандандыру қажет», — деп түйіндеді сөзін ауыл шаруашылығы министрі.

 

Қазақстанда балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр — А. Пірімқұлов

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов балық шаруашылығындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, балық өсіру балық саласының дамуындағы өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Ол үшін 1 мыңнан астам жаңа балық өсіру шаруашылықтары құрылатын болады.

«Жедел ақпарат бойынша, жыл басынан бері балық өсірушілер шамамен 12 мың тонна тауарлық балық өсірген, жоспар бойынша 12,8 мың тонна. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толық көлемде орындалатын болады. Сонымен бірге балық аулау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өсті», — дейді А. Пірімқұлов.

Бұған дейін баяндалғандай балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін заңнамалық деңгейде қолайлы жағдайлар жасалуда. Ең маңыздысы, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, балық өсіру шаруашылықтарына олардың құрылысы мен жұмыс істеуі кезінде артық талаптарды алып тастау болып табылады. Соның арқасында осы жылы агроөнеркәсіп кешенінде балық өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба іске асырылды. 280 жұмыс орнын құрумен және 3,2 млрд теңге жеке инвестицияларды тартумен олардың жалпы қуаты шамамен 10 мың тоннаны құрайды.

Аталған балық өсіру шаруашылықтарының бірқатары форель, тилапия, африкалық жайын сияқты балықтардың жаңа түрлерін өсіреді, олар Қазақстан үшін дәстүрлі емес, бірақ қысқа мерзімде тауар массасын алу есебінен коммерциялық жағынан тартымды болып табылады. Ең ірі жобалар Түркістан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды.

Балық өсіру жобаларымен бірге Қызылорда облысында орналасқан екі балық өңдеу жобасы іске асырылды.

«Индустриялық балық өсіру инвестициялық жобаларымен қатар біз табиғи су қоймаларын пайдалана отырып, жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдап жатырмыз. Биыл жаңа 113 көлде балық өсіру және тор шаруашылықтары құрылды, олардың есебінен шамамен 5,8 млрд теңге жеке инвестициялар тартамыз және бір мыңға дейін жұмыс орнын құра отырып, жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіреміз деп үміттенеміз», — деді ЭГТРМ вице-министрі.

Бұдан басқа, биыл балық өсіру көлемі 129 мың тонна 32 жобаны іске асыру басталды. Аяқталу мерзімі 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін. Шамамен 182 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

«Аквафактория» ЖШС Ақмола облысында бекіре өсіру жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қарызды сақтандыру мәселесі шешілуде. Бұл құрылысты бастау үшін 2,7 млрд теңге көлемінде қарыз қаражатын пайдалануға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында қуаты тәулігіне 300 тоннаға дейін жететін балық азығын өндіретін зауыт салу жобасы бойынша бүгінде жер жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жыл соңына дейін Әзербайжан, Германия және Израиль мамандарын тарта отырып, жобалау жұмыстары аяқталады. Инвестиция көлемі – 30 млрд теңге.

5 жоба бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Алматы облысында 2 жоба бойынша су айдындары бекітілген.

Мемлекеттік органдармен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бағдарламаның барлық көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

 

Осы жылдың соңына дейін тағы 19 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарда бар

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов холдинг осы жылдың 10 айында АӨК саласын 393 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз еткенін айтты, оның ішінде: 

  • көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге бағытталды;
  • ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 132 млрд теңгеге қаржыландырылды; 
  • ауылды жерлерде 60 млрд теңге сомасына микрокредит берілді;
  • қаржы институттарын қорландыру жүйесі арқылы АӨК саласы 65 млрд теңге сомасына қаржыландырылды;
  • тікелей кредит беру шамамен 31 млрд теңгені құрады. 

Сонымен қатар АӨК-тегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 35 млрд теңге бағытталды. Осы жылдың соңына дейін 33 млрд теңге сомасына тағы 19 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл іске асыруды жоспарлаған 285 инвестициялық жобаның ішінен 69 жобаның бастамашылары Холдингтің еншілес компанияларына жүгінді, сұратылған қаржыландыру сомасы 63 млрд теңгені құрады.

Аталған жобалардың ішінен Холдингтің еншілес компаниялары 67 жобаны қаржыландырды және 2 жоба мақұлдау сатысында.

Холдингтің қаржылық қолдауымен жалпы құны 62 млрд теңге болатын 56 жоба пайдалануға берілді, бұл ретте 1695 тұрақты және 204 уақытша жұмыс орны құрылды.

«Қант, құс еті, алма, сүт және балық өнімдерін өндіру сияқты бағыттардағы өнімдердің импортын алмастыру аясындағы жобаларға ерекше назар аударылады. Биыл Холдинг 92 млрд теңге қаржыландыру көлемімен импортты алмастыру бойынша 5 инвестициялық жобаны қаржыландыруға мақұлдады. Холдинг осы бағытта қолдау көлемін арттыруды жалғастырады. Еншілес компаниялардың қарауында 21 млрд теңгеге 16 жоба бар», — деді А. Әріпханов.

Макинск құс фабрикасының 1-ші және 2-ші кезектері, сондай-ақ Петропавл Масло-Дел май престеу зауытының құрылысын Қазақстан даму банкі қаржыландырды, қалған жобалар Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен іске асырылуда. 

Қазіргі уақытта қуаты жылына 150 мың тонна QAZSUGAR қант зауытын салу, өндірістік қуаты тірі салмақта 30 мың тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының үшінші кезегі, сондай-ақ басқа да ірі жобалар пысықталып жатыр. 

Жұмыспен қамту Жол картасының үшінші бағытын Холдингтің келесі еншілес ұйымдары АӨК инвестициялық жобаларын қаржыландыру тетіктері арқылы іске асырады деп болжануда:

  • Аграрлық несие корпорациясы – 34,1 млрд теңге;
  • Қазақстанның Даму Банкі – 32,2 млрд теңге;
  • Қазына Капитал Менеджмент – 33,7 млрд теңге.

Ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 18 қазандағы шешімімен Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 100 млрд теңге сомасына АӨК-тің 40 инвестициялық жобасының тізбесі бекітілді.

27 қазанда бірінші транш 50 млрд теңге көлемінде тартылды. 

2021 жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша ЖҚЖК бағдарламасының ІІІ бағытын іске асыру шеңберінде 4,2 млрд теңге сомасына 6 инвестициялық жоба қаржыландырылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жол картасы аясында 2025 жылға дейін 185 млрд теңгеге 103 жоба іске асырылатынын мәлімдеді.

Биыл 37 млрд теңгеге 36 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде жобалар «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы 8,4 млрд теңгеге, «Солтүстік» корпорациясы арқылы 15 млрд теңгеге, сондай-ақ өз қаражаттарынан 13,6 млрд теңгеге қаржыландырылды. 

Биыл жалпы саны 5 мың басқа арналған 10 сүт фермасы іске қосылады.

«Маслодел» ЖШС зауыты жаңғыртылды. Инвестиция 4,8 млрд теңгені құрады. Кәсіпорынның қуаты жылына 89-дан 119 мың тоннаға дейін өсті.

«Евразиан Милк» ЖШС сүт өңдеу және «Тайынша Май» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу зауыттары жаңартудан өтті. 

«EMC Agro» ЖШС шошқа кешені 50 мыңнан 100 мың басқа дейін кеңейтілді, қуаты жылына 10 мың тоннаға жетті. Келесі жылы 200 мың басқа жеткізілмек. 

14 мың 4 жүз қара малға арналған 4 бордақылау алаңы (6,6 млрд теңгеге) іске қосылды, 1,5 мың басқа арналған 3 асыл тұқымдық репродуктор (1,1 млрд теңгеге) және етті бағытта жалпы қуаты 1 мың тоннаға бір құс фабрикасы пайдалануға берілді. Қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін жем өндіретін цех іске қосылды. 

Кеше ғана «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігінің қуаты жылына 60 мың тоннаға арналған ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру зауыты іске қосылды. 

Жалпы, инвестициялық жобалар пулын іске асыру агроөнеркәсіптік кешен өнімі көлемін ұлғайтуға және облыстың экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыста әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұтыну нормалары есептелгенін баяндады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының 19 түрінің 9-ы артық, 8 тауар 50%-ға қамтамасыз етілген, 2 тауар басқа өңірлерден жеткізіледі.

Осыған байланысты облыста АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленді, ол 3,6 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 350,4 млрд теңге болатын 50 ірі перспективалы инвестициялық жобаны қамтиды. 

2021 жылы 19,2 млрд теңге сомасына 18 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде бүгінгі таңда жалпы сомасы 18,9 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылып, 585 жаңа жұмыс орны ашылды. 1 жоба жыл соңына дейін іске қосылады.

Биыл іске асырылған 18 жобаның 6-ы екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары арқылы, 1 жоба «Еңбек» бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Қалған 11 жоба инвесторлардың өз қаражаты есебінен іске асырылуда.

2025 жылға дейін жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асырған жағдайда, ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайту мүмкіндігі пайда болады, атап айтқанда:

- шикі сүт 76,5 мың тоннаға;

- 68 мың тоннаға барлық ет түрлері;

- 41,6 мың тоннаға сүт өнімдерін өңдеу;

- 150 мың тоннаға қант өндіру;

- 50 мың тоннаға жаңбырлатып суару технологиясы;

- жемістер мен көкөністерді сақтау сыйымдылығы 106,1 мың тоннаға кеңейтіледі.

Инвестиция көлемі жыл сайын 15-30 пайызға дейін өседі.

Жамбыл облысының балық шаруашылығы әлеуетін дамыту мақсатында 2020 жылы «Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы әзірленді.

Инвесторлармен биыл жүргізілген жұмыс нәтижесінде Шу және Талас өзендері, сондай-ақ басқа да өзендер бойынша жалпы құны 1,9 млрд тг құрайтын қуаты 1778 тонна болатын 18 жаңа инвестициялық жоба бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев өңірге 2021 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 51,4 млрд, тамақ өнімдерін өндіруге 6,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайғанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты $134,5 млн құрап, 1,4 есеге артты. Ет экспорттау көрсеткіші бойынша республикада 1 орындамыз», — деді әкім.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешен саласында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде 832 млрд теңге құрайтын 104 инвестициялық жобаны іске асыру жол картасы әзірленді. Аталған инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 17 150 жұмыс орны құрылады және жыл сайын қосымша 352,8 млрд теңге сомасында өнім өндіруге қол жеткізілетін болады.

«Биылғы жылы Жол картасына сәйкес, 28,9 млрд теңгеге 40 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 25 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылды. Қалған 3 жоба жыл соңына дейін толықтай іске қосылады», — деді Ө. Шөкеев.

Іске асырылған инвестициялардың ішіндегі ірі жобалар:

1. «Turkistan Fruit» ЖШС «400 гектарға қара өрік отырғызу» жобасы. 

2. «Tulpar May» ЖШС май өндіру зауыты. 

3. «Александровский сад» ЖШС жеміс сақтау қоймасы. 

4. «Мәлике» ШҚ 3 га өнеркәсіптік жылыжай кешені. 

Жалпы, өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалары мерзіміне сәйкес іске асырылатын болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу