Қазақстанда егіс науқаны аяқталды 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

Биыл Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды, оның қорытындысы бойынша егіс алқабы 78,2 мың га-ға 22,7 млн га алқапқа дейін артты.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,7 млн га алқапқа егілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, рентабельділігі жоғары дақылдардың өнімділігін арттыру, импорт алмастыру бойынша жұмыстар шеңберінде майлы дақылдар алқабы 2,9 млн га дейін (+11,9 мың га), жем-шөп дақылдары алқабы 3,4 млн га дейін (+104,2 мың га), көкөніс-бақша дақылдары алқабы 275,2 мың га (+10,6 мың га), картоп алқабы 198 мың га дейін (+5,8 мың га) ұлғайтылды.

«Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытында жүргізу үшін қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданды», — деді А. Мамин.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайды. Бөлінген қаражат 3,3 млн га егіс алқабын қамти отырып, 2600 АӨК субъектісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Бюджеттік кредитпен қатар биыл ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу үшін бөлінетін қаражат көлемі 24,5 млрд теңгеден 47 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне нарықтық бағадан 14%-ға төмен бағамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді, 405,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Бұл ретте мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ына дейін субсидиялайды.

Егіс науқанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының барлығы 2,5 млн тонна кондициялық тұқымы себілді.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін уақытында беруді қамтамасыз етуді тапсырды. 

Экология министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, қысқа мерзімде еліміздің оңтүстігінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жоспарланған іс-шараларды өткізу тапсырылды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу