Қазақстанда фарминдустрияны дамыту мәселелері жөнінде «Global Pharm» бірінші халықаралық форумы өтті

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов фармацевтикалық индустрияны дамыту мәселелері жөнінде «Global Pharm» бірінші халықаралық форумының жұмысына қатысты.

Іс-шараға «ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ өкілдері, дәрілік препараттарды әзірлейтін және өндіретін ірі шетелдік және отандық компаниялар, сондай-ақ IQVIA халықаралық талдау агенттігінің өкілдері қатысты.

Форумды ашу сәтінде сөйлеген сөзінде Е. Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың фармацевтика саласын дамыту жөніндегі тапсырмасы шұғыл әрі тиімді шешімді талап ететін маңызды міндет екенін баса айтты.

Премьер-Министрдің орынбасары өткен жылы қазақстандық фармацевтика нарығының көлемі 22%-ға өсіп, $1,5 млрд құрағанын атап өтті. Бұл ретте елімізде «Polfarma» (Польша), «Фармстандарт» (Ресей), «Abdi Ibrahim» (Түркия), «Favea» (Чехия) және басқа да шетелдік компаниялар өз өндірісін құрып, заманауи технологияларды енгізуде.

Форумда COVID-19 инфекциясына қарсы алғашқы қазақстандық вакцина «QazVac» препаратын әзірлеп шығарған «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» Бас директоры Күнсұлу Закария сөз алды. Ол форумға қатысушылармен жаңа қазақстандық препараттарды әзірлеу жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ форум аясында Е. Тоғжанов фармацевтикалық компаниялар – «Джонсон & Джонсон» ЖШҚ, Merck KGaA, «ЭббВи Биофармасютикалс», «Санофи-Авентис Групп», «РОШ Қазақстан» ЖШС, Novo Nordisk Kazakhstan LLP, «ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ өкілдерімен, сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен кездесті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстанның фармацевтика саласына технологиялар трансферті арқылы өндірісті жергіліктендіруге өзара ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу