Қазақстанда кәдеге жарату төлемі бойынша мемлекеттік оператор құру жоспарлануда – С. Брекешев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Кәдеге жарату алымдары мен ӨКМ Операторының жұмысы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндады.

Кәдеге жарату төлемдеріне қатысты Мемлекет басшысы берген тапсырмаларын орындау үшін келесі жұмыстар жүзеге асырылады.

Министрдің айтуынша, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» ЖШС ҚР Экологиялық кодексінің 387-бабына сәйкес 2015 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің Қаулысымен құрылды.

2016 жылдан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақша қаражатының көлемі 691,9 млрд теңгені құрады.

Министрдің айтуынша, алынған қаражат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкестікте жұмсалды.

Атап айтқанда:

  • отандық автоөндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды.
  • экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49, 1 млрд теңге жұмсалды.

«Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейдегі банктерде 220,6 млрд теңгені құрайды», — деді С. Брекешев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай министрлік келесі мәселелер бойынша жұмыс тобын құруды ұсынады:

  • жеке мемлекеттік оператор немесе Өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру; 
  • бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау;
  • кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу