Қазақстанда тамыз айының басынан COVID-19 бойынша сырқаттану өсімінің баяулауы және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы байқалды — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында COVID-19 инфекциясы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселе қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күресу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, әлемдегі жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Жалпы алғанда, бүгінде әлемде 208 млн жуық КВИ ауруы тіркелді, күніне 480 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 4,3 млн астам адам қайтыс болды.

ДДСҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен сырқаттанушылықтың өсу тенденциясы байқалды.

Жаңа жағдайлардың ең үлкен пропорционалды өсуі Америка мен Тынық мұхитының батыс аймақтарында тіркелді. ДДСҰ-ға мүше мемлекеттердің 228 елінің 38-інде жаңа жағдайлардың 50%-дан астамға өскені байқалды.

Өткен аптада аурудың ең көп өсуі Әзербайжанда байқалды, онда бір апта ішінде сырқаттану 121%, Израильде 63%, Жапонияда 21% өсті.

Қазақстанда апталық өсім 2%-ға төмендеді.

18 тамыздағы мәлімет бойынша, республикада COVID-19-ның оң нәтижесі бар 708 379 науқас және КВИ- нәтижесі бар 66 381 науқас тіркелді.

«Түркістан облысынан басқа барлық аймақтар қызыл аймақта. Соңғы үш аптада Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталуы байқалды, орташа есеппен аптасына 53 мыңға жуық жағдай тіркеледі», — деді А. Цой.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97 -ге дейін 14%-ға төмендеді.

Инфекциялық орындар 53%, реанимациялық орындар 47% жүктемеленген.

Инфекциялық орындардың көп жүктемеленуі Ақтөбе облысында – 69%, Қызылорда облысында – 66%, Алматы облысында – 64%.

Сондай-ақ, министр елдің медициналық ұйымдарының тұрақты жұмысын атап өтті, ал бүгінгі күні КВИ-мен ауырған 120 мыңнан астам науқас емделуде.

Сонымен қатар, бірінші күні реанимацияға жатқызылған пациенттердің үлесі 40%-дан асты және бұл агрессивті Дельта штаммының әсерімен, науқастардың өзін-өзі емдеуімен және олардың медициналық көмекке кеш жүгінуімен байланысты.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар аурудың алдын алу, халық арасында өзін-өзі емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке уақытында жүгіну бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», — деді А. Цой.

Министр қазақстандықтардан КВИ алғашқы белгілері білінген кезде өзін-өзі емдеуге емес, медициналық көмекке жүгінуді сұрады.

«Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамдардың өмірін сақтап қалатынын есте сақтау керек», — деді А. Цой.

Вакциналау процесіне келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін республикада бірінші компонентін 6,1 млн адам алды, тиісті халықтың қамтылуы 62% құрады, екінші компонентін 4,8 млн-ға жуық адам алды, бұл тиісті халықтың 48%-ын қамтиды.

Министрдің айтуынша, ең көп қамту 6 аймақта байқалады: Шымкент, Алматы қалаларында, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында.

Бірінші дозамен вакциналаудың ең төменгі пайызы Маңғыстау облысында байқалады.

«Өңірлер вакцинаның жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етілген. Вакциналар кесте бойынша жеткізілуде. Қытайдың Sinopharm вакцинасының бірінші партиясы барлық аймақтарға жеткізілді. Жеткізу жалғасуда», —  деді А. Цой.

 

«Ashyq» жобасының кеңінен таралуы жалғасуда

Министр атап өткендей, жобаға қатысушылардың саны 111 мыңнан асты, оның ішінде 921 көшбасшы, қолданушылардың саны 4 млн жетті. Күн сайын 400 мыңнан астам қазақстандық онлайн режимінде өз статусын тексереді.

Бақылау топтары карантин шараларының сақталуын бақылауды жалғастыруда. Талдау көрсеткендей, соңғы екі аптада рейдтік қамту 16%-ға, ал бұзушылықтарға жол берген объектілер саны 1,2 есеге өсті.

«Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды ​​облыстарында объектілердің рейдтік қамтылуының төмендегенін атап өткім келеді», — деді А.Цой.

Мониторинг топтары «Ashyq» қатысатын объектілерде де карантин шараларының сақталуын бақылайды.

«Ashyq» жобасы аясында мониторинг топтары 60 473 объектіні қамтыды, 1 183 объектіде бұзушылықтар анықталды.

Сонымен қатар, министр атап өткендей, «Ashyq» енгізілгеннен бері «қызыл» және «сары» статусы бар 46 067 келуші анықталды, оның ішінде 29 930-ның ПТР тестісінің оң нәтижесі бар және 16 137-сі ауруды жұқтырғандармен байланыста болғандар.

«Бұл статистика, өкінішке орай, кейбір азаматтардың үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын, халық жаппай жиналатын объектілерге баруға тырысатынын, ел ішінде көп жол жүретінін, осылайша ауруды басқаларға жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетеді. Басқаларға қауіп төндіретін азаматтардан азаматтық жауапкершілік танытып, вирустың таралуына ықпал етпеуін сұраймын»,  —  деді А. Цой.

Оның айтуынша, қазіргі карантин шараларына қарамастан, көптеген аймақтарда көп адамдардың қатысуымен мерекелік шараларды (үйлену тойлары, еске алу асы және басқалары) өткізу жалғасуда және карантинді өрескел бұзу фактілері анықталды.

Министр Премьер-Министрге жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрап өтініш білдірді.

Республикадағы эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыруды қамтамасыз ету және КВИ-мен сырқаттану мен өлім-жітімнің көбеюіне жол бермеу үшін министр келесі ұсыныстарды білдірді:

  • «қызыл» және «қою қызыл» аймақтарда орналасқан өңірлерде демалыс күнгі локдаунды сақтау;
  • мониторинг топтарының жұмысын күшейту;
  • тиісті халықтың вакцинамен қамтылуын арттыру;
  • тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту;
  • кәсіпкерлердің өтініштерін ескере отырып, «ASHYQ» жобасының «ЛИДЕРЛЕРІ» үшін критерийлерді пысықтау.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу