Қазақстанда заңсыз айналымнан 98,2 мың медициналық препарат пен жарты миллионға жуық медициналық маска алынды — ҚР ІІМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қаралды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндады. 

Ішкі істер министрлігі карантиндік және шектеу шараларын сақталуын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау органдарына көмек көрсетеді. Бұл шараларға күн сайын 10 мыңға жуық полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және мыңға жуық ерікті жұмылдырылады.

Бұдан басқа, полиция қызметкерлері 299 карантиндік объектіні бақылайды. Медициналық мекемелердің сұрауы бойынша аурумен байланыста болған адамдардың мекенжайын анықтау жұмысы жүргізілуде (Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап – 32 461).

Мониторинг топтарының жұмысы шеңберінде (ағымдағы жылғы 5 шілдеден бастап) 50 мыңнан астам бірлескен рейдтік іс-шаралар (денсаулық сақтау органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен), оның ішінде қызмет көрсету саласындағы объектілер бойынша өткізілді. 28 мыңнан астам карантин бұзушылық анықталып, жолы кесілді. 

Оның ішінде 4 600-ден астамы сауда орталықтары, дүкендер мен базарларда, 1,7 мыңы мейрамханалар, дәмханалар және басқа да демалыс орындарында анықталды.

Олардың ең көбі Қостанай (5 116), Батыс Қазақстан (2 674), Түркістан (3 532), Шығыс Қазақстан (2 124) облыстарына, сондай-ақ Алматы қаласына (3 876) тиесілі.

Барлық анықталған фактілер бойынша денсаулық сақтау органдары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік материалдар жасайды.

«Төтенше жағдай кезінде ішкі істер органдары карантин режимін бұзушыларды жауапқа тартқанын атап өткен жөн. ТЖ құқықтық режимінің тоқтатылуына байланысты карантинді бұзу фактілерін әкімшілендіру мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне өтті», — деді Е. Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару барысында 15 мыңнан астам карантин шараларын өрескел бұзушылықты тіркеді.

«Олар — той және еске алу іс-шараларын өткізудің 600 фактісі, демалыс аймақтарының, оның ішінде су қоймаларының жанында жұмыс істеудің мыңнан астам фактісі. Мәселен, өткен демалыс күндері (26 және 27 қыркүйекте) салтанатты іс-шараларды өткізудің 41 фактісі тоқтатылды. Мысалы, Қызылорда облысындағы “Орда” мейрамханасында 100-ге жуық адамның қатысуымен “той” өткізілді. Осы облыс бойынша карантин режимі қатаңдатылған сәттен бастап (а. ж. 5 шілдеден бастап) осындай 225 факті анықталды», — деді Е. Тұрғымбаев. 

Сондай-ақ, елордада 25 қыркүйектен 26 қыркүйекке қараған түні жұмыс істеп тұрған 4 түнгі клуб анықталды, олардың бірінде тексеру кезінде 65 адам болған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, мониторинг топтарының құрамында, сондай-ақ жеке азаматтардың маска режимін  бұзуының 11,8 мың дерегі анықталды. Әкімшілік іс қозғау үшін жиналған материалдар денсаулық сақтау органдарына берілді. Бұл ретте полицейлер халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағдарланған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полиция ағымдағы жылғы 5 шілде мен 17 тамыз аралығында дәрілік заттар мен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 933 фактісінің жолын кесті.

«Заңсыз айналымнан 98,2 мың қорап медициналық препарат (527 атаулы); жарты миллионға жуық медициналық маска; 41,8 мың дана перчатка мен өзге де медициналық бұйымдар (термометрлер, көзді қорғау құралдары, құю жүйелері); 705 литр антисептик алынды. Оларды жасағаны үшін полицияға 605 адам жеткізілді, оның ішінде 349-ы медицина саласының қызметкері», — деді ішкі істер министрі.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр еліміздің 12 аймағында  әрқайсысы 200 төсек-орындық модульдік инфекциялық ауруханалар  салынып жатқанын айтты. 9 өңірде құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы аптаның соңына дейін аяқталады. Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады.

«Автобус  негізінде жасалған  отандық  жылжымалы медициналық кешені глюкометр, рентген, ЭКГ және ультрадыбыс сияқты қажетті цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар  тиісті медициналық аймақтарға бөлінген (тіркеу аймағы, анализ қабылдау аймағы, рентгендік флюорография аймағы)», — деді Р. Скляр.  

1 қазаннан бастап сол айдың ортасына дейін Қостанайдағы өндіруші зауыттан дайын жылжымалы медициналық кешендерді жеткізу аяқтайды. Жоспар бойынша отандық өндірістегі 360 жедел жәрдем көлігін жеткізу осы аптаның соңында басталып,  қазан айының ортасына дейін аяқталады. Автокөліктер 9 облыс бойынша таратылатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу