Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері оң үдерсті көрсетіп отыр — ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ағымдағы жылдың алғашқы 2 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша экономикалық ахуал туралы баяндады.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, есепті кезеңде көптеген елдерде белсенді вакциналауды жүргізу нәтижесінде эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Тәулігіне ковидпен ауырғандардың саны 2021 жылғы қаңтардың ортасымен салыстырғанда 46%-ға, ал Қазақстанда 59%-ға төмендеді.

ОПЕК+ елдерінің келесі айға мұнай өндірісін шектеуді сақтау бойынша қабылдаған шешімі әлемдік тауар нарықтары конъюнктурасына оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда Brent мұнай маркасының бағасы барреліне  $67 құрап отыр.

Сонымен қатар, металл бағаларының қалпына келуі байқалуда. Ағымдағы жылдың басынан бері металл бағаларының орташа өсімі 7% құрады.

Жалпы, іскерлік белсенділіктің жедел қалпына келуінің басты шарты эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы болып табылады.

Ағымдағы жылғы ақпанда халықаралық рейтингтік агенттіктер – Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растады. Пандемия жағдайында Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингінің растауының басты факторлары: экономиканың нақты секторының өсу орнықтылығының жоғары деңгейі, экономика мен халық табысын қалыпқа келтіруші өсудің жоғары әлеуеті, дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастыру икемдлігі мен тиімділігі, сондай-ақ едәуір фискалдық резервтер.

Осының аясында халықаралық рейтингтік агенттіктер 2021 жылға Қазақстанның ЖІӨ-нің өсуін 3,2-3,8% деңгейінде болжап отыр.

Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер оң үдерсті көрсетті.

Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 6,3%-ға дейін жеделдеді.

Негізгі капиталға инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, 13,3%-ға өсті.

Жылдық инфляция өткен айдағы 7,4% деңгейінде сақталды.

«Кен өндіру өнеркәсібінен басқа, нақты сектордың барлық салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласы 9,4%-ға өсу көрсетті. Нәтижесінде, ЖІӨ өсу қарқыны ағымдағы жылғы қаңтардағы минус 4,5%-дан қаңтар-ақпанда минус 2,9%-ға дейін жақсарды», — деді ұлттық экономика министрі.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында тұрақты өсу сақталуда. Өсудің жеделдеуі машина жасауда 21,2%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде 22,9%-ға, химиялық өнімдер өндірісінде 14,1%-ға, пластмасса өнімдері өндірісінде 14,2%-ға, киім өндірісінде 19,9%-ға, жиһаз өндірісінде 15,7%-ға, фармацевтикада 9,2%-ға дейін байқалады. Жоғарғы өсу автомобиль құрастыруда 19,6% деңгейінде сақталды.

Өңдеу өнеркәсібі серпінді қарқынмен өсуде, мұнда өсу 6,1% құрады. 

14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу темекі өнімдері мен электрлік аккумуляторлар өндрісінің өсуі есебінен Алматы қаласы мен Алматы облысында, тауарлық бетон, тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 13,3% құрады.

Инвестициялардың айтарлықтай өсуін ақпарат және байланыс – 2,1 есе, өңдеу өнеркәсібі – 85%, көлік – 56%, ауыл шаруашылығы – 40%, сауда – 31%, құрылыс – 25% және жылжымайтын мүлікпен операциялар – 18% деңгейінде көрсетті.

Көптеген өңірлер жоғарғы инвестициялық белсенділікті көрсетуде. Ең жоғарғы көрсеткіштер өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту есебінен Жамбыл облысында, күн электр станциялары мен «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін салу есебінен Түркістан облысында байқалады.

Құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға ұлғайды. Мәдениет және спорт нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен инженерлік ғимараттар құрылысының өсуі есебінен Түркістан облысында, денсаулық сақтау және тау-кен өнеркәсібі нысандары, инженерлік жүйелер құрылысы есебінен Ақмола облысында, денсаулық сақтау нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен автокөлік жолдарының құрылысы есебінен Шымкент қаласында жоғары өсу байқалады.

«Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,8%-ға жоғары. 2021  жылы жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін осы серпінді сақтау қажет. Барлық өңірлер оң өсу көрсетті. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең үлкен көрсеткіші Шымкент қаласында – 4,6 есеге өсіп отыр», — деді Ә. Ерғалиев.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығында 3,1% деңгейінде тұрақты өсу байқалды. 13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Мал мен құс еті, сиыр сүтін өндірудің артуы есебінен Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністегі жалпы жағдай мынадай:

  • 6 көрсеткіш бойынша Алматы облысы оң өсім көрсетті; 
  • 5 көрсеткіш бойынша – 6 өңір оң өсім көрсетті. Олар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.
  • 8 өңірде 4 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Бұл орташа деңгей.
  • 2 өңірде 2-3 көрсеткіш бойынша оң өсу байқалады.

Бұл ретте, сауда бойынша оң аймаққа Алматы облысы, көлік бойынша Атырау облысы енді.

Жеке инвестицияларды тарту бойынша 12 өңірде оң өсу байқалады, оның ішінде 6 өңірде өсу 20%-дан жоғары.

ҚР ҰЭМ басшысының баяндауынша, қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай шараларына назар аудару ұсынылып отыр.

  1. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы шеңберінде белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу қажет.
  2. Іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қаржыландыру мен сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске ауыртпалықты төмендету арқылы тікелей әрекет ететін шұғыл шараларды тиімді орындау қажет. Аталған шаралар ағымдағы жылғы 4 наурызда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды.
  3. Нақты сектор сыртқы қолайсыз жағдайларға тұрақты болып отыр, сондай-ақ экономиканың сапалы өсуі үшін жоғарғы әлеуетке ие. Сол себепті, индустрияландыру картасы және агроөнеркәсіп кешеніндегі импортты алмастыру бойынша жобаларды белсенді іске асыру қажет.
  4. Нарықты азық-түлік тауарларымен белсенді толтыруды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеуді ерекше бақылауға алу қажет.
  5. Экономиканы сапалы және тұрақты дамытудың базалық шарты инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нақты жұмыс жасау болады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу