Президенттің әрбір тапсырмасы мерзімінде, сапалы орындалуы тиіс - Серік Ахметов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспардың жобасын ұсынды.

«Бұл Жолдау айрықша, өйткені еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыру шараларының нақты бағдарламасын көрсетіп қана қойған жоқ, біздің қолданысымызға отандық тарихымыздағы тіптен жаңа- Мәңгілік Ел ұғымын енгізді. Мемлекет басшысы бұл тарихи міндет қабылданған Стратегия-2050» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатынын атап көрсетті»,-деді С.Ахметов.

Е.Досаевтың айтуынша, жоспар жеті басым бағыттар бойынша жасалды. Бұл бағыттар шеңберінде 2015-2019 жылдарға арналған ҮИИД МБ жобасы, 2030 жылға дейінгі Астана мен Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың ұзақ мерзімді жоспарлары дайындалатын болады, «Агробизнес-2020» бағдарламасына түзету енгізілді, технопарктер жұмыстары жанданды, ғылымды кезең-кезеңмен қаржыландыруды арттыру жоспары бекітілді, төртінші МӨЗ бен АЭС құрылыстары мәселелері шешілді.

Сондай-ақ, ҮИИД МБ-ның жаңа бесжылдығын есепке ала отырып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы көкейкестілік маңыз алатын болады, ҚР Президентінің «Мәдениет саясаты Тұжырымдамасы туралы» Жарлығының жобасы жасалды, жергілікті атқарушы органның дербестігін арттыру, құжат айналымын қысқарту және мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық компаниялар мен бюджеттік ұйымдардағы кадр саясатына меритократия принциптерін енгізу мәселелерін қоса отырып мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныс енгізілді.

2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде шәкіртақы, мүгедектікке және асыраушысынан айрылғанына байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлемақылар көлемін көтеру, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер еңбек ақысын ұлғайту қарастырылатын болады, деп атап өтті Е.Досаев.

Премьер-Министрдің орынбасары- ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша айқын іс-қимыл алгоритмі жасалғанын атап көрсетті. «Барлық іс-шаралар мерзімінде орындалатын болады. Негізгі жай бірінші жартыжылдықта Президенттің қарауына енгізілетін, ҮИИД МБ екінші бесжылдығын жасауға қатысты болып тұр»,-деді ол.

«Президент Жолдауы шеңберінде барлық мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік блоктың бағыттарын пысықтады. Шәкіртақы, әлеуметтік төлемақылар көлемін көтеру, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер еңбек ақысын ұлғайту мақсатында талдаулар мен есептеулер жүргізілетін болады»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Вице-премьер – ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне айрықша көңіл бөлетінін атап көрсетті. Жұмыстың бағыттары мен нақты индикаторлары анықталған. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы экономиканың өсімі 6-7 пайызды құрауы тиіс, деді ол.

«Барлық бағыттар бойынша, қазір жұмысшы топтар бекітілді, барлық тапсырмалар белгіленген мерзімде атқарылуы үшін, іс-шаралар жоспарлары құрылуда»,-деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Отырысты түйіндей келе, С.Ахметов «Мемлекет басшысының Жолдауының маңызы зор. Бұл яғни, Үкімет шешетін міндеттер ауқымы да кең деген сөз. Бастысы, не нәрсеге назар аударуымыз қажет,- құжатта базалық индикаторлар және әлемнің ең озық 30 елі арасына ену бойынша жеті бесжылдық шеңберіндегі кезеңдер айқын көрініс тапқан»-деді.

«Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттер шынайы әрі орындалымды. Әрбір мемлекеттік органның Жолдаудағы мақсаттарға жету бойынша жасалған өз алгоритімі болуы керек. Президенттің әрбір тапсырмасы мерзімінде, сапалы орындалуы тиіс. Мониторинг ұйымдастырылуы және оның орындалысы қатаң сұралуы қажет»,-деп тапсырды С.Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу