ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ШЫҰ мемлекеттерінің агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты.

Үкімет басшысы сауда саласындағы ынтымақтастықты сапалы күшейту, ШЫҰ аясындағы тауар айналымының көлемі мен тереңдігін арттыру үшін өзара мүмкіндіктерді зерделеу қажеттігін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қайта қарап, оны АӨК саласындағы инвестициялық және инновациялық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі нақты шаралармен толықтыруды ұсынды. Оның айтуынша, құжатты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысының бәсекелестік артықшылықтарын, сондай-ақ сыртқы және ішкі шоктарға сенімді, қолжетімді және тұрақты логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін ескере отырып күшейту қажет.

Үкімет басшысы ШЫҰ аясында өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру қажеттігін атап өтті.

«Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру ұлттық экономикалардың интеграция деңгейін күшейтуге, өндірістік процестердің бағыттарын әртараптандыруға және олардың тұрақтылығын арттыруға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер құратын құнның өзара нарықтарға да, сыртқы нарықтарға да қолжетімділігін кеңейтуге, бәсекелік артықшылықтар есебінен экономикалардың әлеуетін барынша арттыруға, сыртқы күйзелістердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Отырысқа Үндістан вице-президенті Венкай Найду, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Қырғызстан премьер-министрінің м. а. Артем Новиков, Пәкістан парламентінің сыртқы байланыстар жөніндегі хатшысы Андлиб Аббас, Ауғанстанның бірінші вице-президенті Амрулла Салех, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Иран бірінші вице-президенті Джахангири Эсхак, Моңғолия вице-премьері Янгугийн Содбатар, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – сыртқы істер министрі Рашид Мередов, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының, АТҚҚ Атқарушы комитетінің, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің және Банкаралық бірлестігінің басшылығы қатысты.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы, оның ішінде COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру аясындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі шаралар талқыланды. ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің 2019-2020 жылдардағы қызметі, ШЫҰ-ның өткен жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есеп, Ұйымның 2021 жылға арналған бюджеті қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен коммюнике мен ШЫҰ-ның 2021-2025 жылдарға арналған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды.

ШЫҰ ҮБК келесі отырысын 2021 жылғы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу