ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов халықты ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны туралы баяндады.

«Қызыл аймаққа» өткен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары «сары аймақта» орналасқан.

Бүгінгі таңда 9,4 млн астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 8,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. 670 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті.

«Біздің негізгі міндетіміз – эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы бойынша шараларды күшейту қажет», — деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге ПТР-тестілеу санын ұлғайтуды, жедел мониторинг жүргізіп, медицина қызметкерлері мен ауруханаларда резервтік орындардың даярлығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қадағалауды тапсырды. 

Премьер-Министр үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандырып, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет екенін, сонымен қатар дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.

Ә. Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге халықты ревакцинациялау қарқынын едәуір арттыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдері бұл мәселені жеке бақылауына алуы тиіс. 

Үкімет басшысы еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Ел үшін сын сағатта олар зардап шеккендер мен жараланғандарға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Дәрігерлер ауруханалар мен жедел жәрдем көліктерін басып алған лаңкестердің агрессиясын бастан кешірді. Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерге еңбектеріңіз бен батылдық танытқандарыңыз үшін, кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге әзірліктеріңіз үшін алғыс айтамыз!» — деп түйіндеді Ә. Смайылов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу