ҚР Президентінің Жолдауы: ауылдық жерлерде 137 тірек елді мекенде медициналық пункттер ашу қарастырылған

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

Елдің денсаулық сақтау жүйесі тап болған күрделі эпидемиологиялық жағдай мемлекет экономикасының барлық ведомстволары мен секторларының күш-жігерін жұмылдыруды талап етеді.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алуды жеделдету қажеттігін атап өтті.

Айта кету керек, ведомство ДДСҰ тіркеген бірқатар вакциналарды сатып алды, бұл:

  • CoronaVac,  Sinovac шығарған, Қытай;
  • VeroCell, Sinopharm шығарған, Қытай.

Сонымен қатар, Pfizer-BioNTech вакциналарын жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта тасымалдау, жеткізу кестесі және келісімшартқа қол қою мәселелері пысықталуда.

Сондай-ақ, профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес халықты вакцинамен басқарылатын аурулардан иммундау бойынша тұрақты жұмыс жалғасуда.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Президенті биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруға және «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қабылдауға тапсырма берді.

«Осы тапсырманы іске асыру аясында біз 2021 жылғы 29 маусымда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын әзірледік. Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды», — деді А. Цой.

Зертханалық жабдықтарды жаңғырту қажетті зерттеулердің барлық спектрін орындауға, тестілерді өткізу уақытын қысқартуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ эпидемиологиялық тексерулерде көмек көрсетуге және ауру ошақтарының бастапқы себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл мақсаттарға республикалық бюджет қаражатынан 4,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.

Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі денсаулық сақтау жүйесіне инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаражат бөлу болып табылады.

Осы тапсырма шеңберінде ауылдық жерлерде медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге 137 тірек елді мекенде фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу көзделген.

«Сонымен қатар, біз кемінде 20 заманауи аурухана мен 2 ғылыми-инновациялық орталық салу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұдан өзге, ведомстволық бағынысты және өңірлік медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын дамыту үшін біз жалпы сомасы 85 млрд теңгеге кем дегенде 20 нысан салуды және жаңғыртуды көздеп отырмыз. Кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 7,5 мыңнан астам дәрігер мен 24 мың орта медициналық қызметкерді шығару көзделген», — деді денсаулық сақтау министрі.

Халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 231 млрд теңге көлемінде дәрілік заттарды сатып алуды қаржыландыру көзделген.

Сонымен қатар, Президент отандық фармацевтикалық өнім үлесін 17%-дан 50%-ға дейін жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде министрлік жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырды, инвесторларды тарту жүзеге асырылуда, технологиялар мен жаңа әзірлемелер трансферті жүргізілуде. Бұдан басқа, отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың оффтейк көлемі мен номенклатурасын кеңейту көзделген.

«Бізге халықаралық стандарттар бойынша аккредиттелген медициналық бұйымдарға зертханалық және техникалық сынақтар жүргізу үшін орталық құру қажет. Аталған іс-шараға 18,3 млрд теңге сомасына қаржыландыру қарастырылған», — деп түйіндеді А. Цой.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу