ҚР Президентінің жолдауы: ең төменгі жалақының өсуі 1 млн 650 мың жалдамалы қызметкердің ақшалай табысының артуына әкеледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Әлеуметтік саладағы тапсырмалардың орындалуы туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұлттық біліктілік жүйесі, көші-қон саясаты, еңбекақыны арттыру бағыттары бойынша шараларды іске асыратын болады. 

Ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Заң жобасын әзірлейді, ол мыналарға: 

1) біліктілік пен дағдыларды тануға;

2) біліктіліктің сәйкестігін бағалауды үйлестіруге тиіс Біліктілік жөніндегі ұлттық орган құруға бағытталады. 

Жаңа заң біліктілікті тану жүйесінің бірыңғай талаптарын біріздендіруді және белгілеуді, сондай-ақ мамандықтарға қол жеткізуді реттеу тәсілдерін бекітуді қамтамасыз етеді. 

Ел Президенті көші-қон процестері еңбек нарығына көп әсер ететінін атап өтті. Осыған орай Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.

Бес жылға (2022-2026 жылдар) арналған тұжырымдаманың жобасында:

  • оңтүстіктен солтүстікке өңіраралық ішкі ұтқырлықты арттыруға қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету; 
  • шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетігін құру; 
  • қандастардың Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келуі үшін жағдай жасау; 
  • шетелдік мамандарды тарту бойынша реттелетін және икемді жүйені қамтамасыз ету қарастырылатын болады. 

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, жаңа Тұжырымдаманың шеңберінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақылар бөлу тетігі қайта қаралады.

«Оңтүстік өңірлерден келетін жұмыскерлерді өздері жұмыспен қамтитын және дербес жалға алатын жұмыс берушілер үшін мемлекеттік қолдау алу тетігі оңайлатылады және кеңейтіледі. Бұл оларды қоныс аудару бағдарламаларына белсенді қатысуға ынталандырады», — деді С. Шәпкенов. 

Мемлекет басшысының жария еткен бастамаларына сәйкес еңбекақыны арттыру бойынша шаралар қабылданады.

Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге мөлшерінде белгіленеді. 

Аталған шара экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1 млн 650 мың жұмыскердің ақшалай табыстарының артуына әкеледі. Бұл сондай-ақ біліктіліктің разрядаралық жүйесін ескере отырып басқа да қызметкерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші, азаматтық қызметшілердің 588 мың жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді.

«Соның нәтижесінде 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып, 2025 жылға қарай 2 есе артады», — деді С. Шәпкенов.

Ең төменгі жалақы 49 мың теңгеден 60 мың теңгеге немесе 22%-ға өседі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу