ҚР ҰЭМ 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдайды

ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Экономикалық жағдай туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. 

Мемлекет басшысы биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды кешенді жақсарту бойынша тапсырмалар берді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша бағдарламаны қалыптастыру үшін мемлекеттік органдармен инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген санатарына жалақыны арттыру және басқа да шараларды қамтитын мәселелерді пысықтау ұсынылады. Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заңды іске асыру шеңберінде мемлекеттік реттеудің бүкіл массивін толық қайта қарау жүргізілетін болады.

Бюджеттің кіріс бөлігін нығайту бойынша бірқатар шаралар пысықталуда.

Біріншіден, тау-кен секторынан қосымша түсімдер алу. Баға конъюнктурасына байланыстыра отырып, барлық қатты пайдалы қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың қосымша мөлшерін есептеу тетігін белгілеу ұсынылады.

Екіншіден, мұнай өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілер тізбегінен маржаның бір бөлігін алу.

«Министрлік ағымдағы жылдың ақпан айында 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдауды жоспарлап отыр. Оның шеңберінде инвестициялар тарту саясаты ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын ескере отырып, қайта қаралатын болады», — деді Ә. Қуантыров. 

Бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау бойынша министрлік келесі ұсыныстарды пысықтауда.

Бірінші. ШОБ-тан корпоративтік табыс салығы түсімдерін беру тетігіне ұқсас, 2023 жылдан бастап салықтың жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру жоспарланып отыр.

Екінші. Орталық пен өңір арасындағы қарама-қарсы қаржы ағындарын азайту ұсынылады.

Ұсынылған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет заңнамасына түзетулер пакеті дайындалатын болады. Қазіргі уақытта аталған тәсілдер орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен, сондай-ақ ұйымдармен пысықталуда.

«Мемлекет басшысының басқа тапсырмалары бойынша ұсыныстар мұқият пысықталып, жақын уақытта қосымша ұсынылады», — деді ұлттық экономика министрі.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу