«Астана Марафон-2016» қайырымдылық жүгіруі 4 қыркүйекте өтеді

16 тамыз 2016, 19:58
Астана
Фото: nur.kz

«Астана Марафон-2016» қайырымдылық жүгіруі биыл 4 қыркүйекте өтеді және елорданың үш ауданын қамтиды. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және Қазақстан Үкіметінің мүшелері қатысады деп жоспарланған.

Бұл жүгірудің негізін қалаушы Гаухар Брамлей-Фентон айтып өткендей, биыл жүгіру 4 қыркүйекте өтеді. Жүгіру төрт категорияда өтеді: марафон 42,2 шақырым, жартылай марафон 21,1 шақырым, 10 шақырым және эстафеталық жүгіру. Марафонның қашықтығы елорданың барлық үш - Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандарын қамтиды.

«Біз астаналық марафонды Ұлы даланың бар болмыс-бітімін бойына жинақтаған далалық жарыс ретінде көрсетіп отырмыз. Астана дүние жүзіндегі ең «тегіс» қалалардың бірі болғандықтан, әлемнің түпкір-түпкіріндегі жүгірушілер үшін аса тартымды», – деді Г. Брамлей-Фентон ОКҚ баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, жүгіру қарсаңында қалада «Астана Марафон ЭКСПО-2016» спорттық жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.

«2 мен 3 қыркүйекте «Астана Марафон ЭКСПО-2016» спорттық жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның барысында қатысушылар өзінің тіркеу нөмірлері мен жүгірушілер пакетін ала алады, сондай-ақ түрлі конкурстарға қатысып, бірнеше елден шақырған спикерлердің лекцияларын тыңдау мүмкіндігіне ие болады», – деп нақтылады Г. Брамлей-Фентон.

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, марафон таңғы 8.00 басталады, сөре мен мәре-қалашығы «Хан Шатырдан» алыс емес жерде орналасады. Марафон өтетін алты сағат бойы елорданың кейбір көшелерінде жол жабық болады.

Өз отандастарымыздан бөлек жақын және таяу шетелдің: АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Германия, Ресей және басқа да елдердің желаяқтары марафонға қатысатынын растады. Барлығы 5 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.