Кәрім Мәсімов Универсиадаға дайындық барысымен танысты

15 тамыз 2016, 22:08
Алматы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі салынып жатқан спорт нысандарын қарап шығып, Алматының Универсиадаға дайындығына баға берді.

Кәрім Мәсімов мұз айдыны мен Атлеттер ауылын аралап шықты. Орталық Азиядағы ірі Мұз айдыны 12 мың орынға есептелген, мұнда қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ шорт-трек конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және хоккей жарыстары өтеді.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Алматыға жұмыс сапары барысында жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздарымен кездесті.

Кездесу Универсиадаға арнап салынған жаңа мұз айдыны сарайында өтті. 28-ші Дүниежүзілік Универсиаданың басталуына бес ай уақыт қалды. Сонымен қатар, Алматыда халықаралық студенттер ойынына арналған нысандар құрылысының аяқталуына аз уақыт қалды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Мәкежановтың мәліметі бойынша, Универсиада-2017 негізгі мұз айдынының құрылысы 96%-ға аяқталды. Шілде айының басында спорт кешені 3 ай мерзімінен бұрын пайдалануға берілген болатын. Қазіргі уақытта, мұнда пайдалануға беру және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мұз сарайының жанында 5 мың орынға шақталған спорт кешені, кинотеатры, бассейні, стадионы және көпқабатты тұрғын үйлері бар Атлетикалық ауыл орналасқан. Нысанның жалпы дайындығы 90% құрайды. Қалалық билік 30 тамызға дейін Мұз сарайы мен Атлетикалық қалашықтың құрылысын аяқтауға уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттер ойынында 55 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Анықама үшін:

Универсиада – Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының (FISU) ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Олимпиада ойындарынан бір ерекшелігі – жазғы және қысқы универсиада екі жыл сайын өткізіледі.

Универсиада-2017 қысқы бағдарламасына 13 спорт түрі енді: биатлон, тау шаңғы спорты, керлинг, коньки тебу спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру және сноуборд. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының өтініші бойынша, қабылдаушы ел ретінде, допты хоккейден жарыстар енгізілген болатын.