Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі қоғам өкілдерімен Тараз қаласының туристік әлеуетін талқылады

23 тамыз 2016, 23:05
Жамбыл облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов Жамбыл облысында тарихи-мәдени туризмді дамыту перспективаларымен танысты.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында өңірдің тарихи орындарын аралады. Айша бибі кесенесі Жамбыл облысында, Қарахан кесенесі Тараз қаласында және «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешені – ашық аспан астындағы белгілі мұражай.

Жамбыл облысы «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік бағдарламасына кіреді, ішкі және халықаралық туризмнің дамуы үшін мүмкіндігі жоғары.

Облыс аумағында Жібек жолының бір бөлігі өтті (Сайрам-Тараз-Ақшолақ- Ақыртөбе-Құлан-Мерке-Шу-Аспара-Қордай), жол бойында қызықты тарихи және мәдени ескерткіштері орналасқан. 

Жамбыл облысының ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген (Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Т.Рысқұлов атындағы Құлан ауданындағы Өрнек қалашығы, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені).

Туризмді дамытудың бірінші кезектегі жобасы – «Көне Тараз».

2017 жылға таман «Көне Тараз I-XIX ғғ.» ескерткіші аумағында «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі ашылады деп жоспарланып отыр.

Өңірдің тарихи-мәдени мұраларын сақтау, соның негізінде туризмді дамытудың перспективалары жөніндегі мәселені Премьер-Министр ақсақалдар алқасымен және қоғам өкілдерімен кездесуінде талқылады.

«Қазархеология» ЖШС директоры Ж.Смайылов Кәрім Мәсімовке туристік кластердің даму перспективасы жөнінде мәлімдеді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері А.Бекбосын, еңбек ардагері К.Әбдікешова және ардагер тәрбиеші Б.Егембердиева осыған қатысты өз пікірін білдірді.   

Премьер-Министр кеңес барысында қозғалған мәселелердің маңыздылығын айта келіп, бірқатар тапсырма берді. Мәдениет және спорт министрлігіне тарихи орындарды зерттеу бойынша археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Қаржы министрлігімен бірігіп, 2017-2019 жылдары «Көне Тараз» мұражайын дамыту үшін қаржы бөлу туралы ұсыныс дайындауды және республикалық бюджет комиссиясына ұсынуды тапсырды. Облыс әкімдігіне туристік кластерді дамытуды ерекше бақылауға алу жұмысы жүктелді.