Қазақстанда Рио Олимпиадасындағы қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған акция басталды

03 тамыз 2016, 19:11

Қазақстанда Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары барысында қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған «Жанкүйер бол! Спортқа жақын бол!» акциясы басталды.

С. Жарасбаевтың айтуынша, 26 спорт түрі бойынша 104 адамнан құралған Қазақстан құрама командасы Рио-де-Жанейро қаласындағы XХXI Олимпиада ойындарына қатысады.   

«Жанкүйер бол! Спортқа жақын бол!» акциясы жанкүйерлердің спортшыларымызға қолдау көрсетуі үшін арналған. Жоба бағыттарының бірі еліміздің құрама командасы, олардың өнер көрсету кестесі, біздің телеарналар ұсынған Ойындар таратылымының күн сайынғы бағдарламасы туралы толық ақпаратты халыққа жеткізуді көздейді. Мұның бәрін қалада орналасқан ақпараттық бағаналарда көріп, танысуға болады», – деп хабарлады ол.

Министрліктің мәліметінше, Астананың вокзалдарында және сауда-ойын-сауық орталықтарында Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының телевизиялық таратылымдары, қазақстандық спортшылардың қатысуымен бағдарламалар, сондай-ақ қала аумағында өтетін спорттық іс-шаралар туралы буклеттер бар ақпараттық стеллалар орнатылған. Кері байланыс орнату үшін #спортқажақынбол хештегі іске қосылған, онда кез келген адам өз пікірі мен ұсыныстарын қалдыра алады.