ЭКСПО – 2017-ні өткізу кезінде Астанада бірегей этноауыл құрылады

02 мамыр 2017, 14:22
Фото: primeminister.kz

Этноауыл «Қазанат» ипподромының базасында ұйымдастырылады және 47 га аумақты қамтитын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Этноауыл ЭКСПО – 2017 қонақтарының 90 пайызына қызығушылық тудыратынына және көрме павильондарынан кейінгі адамдардың көп баратын жері болатынына сенімдімін», - деді министр.

Бірегей экспозиция көкпар, алдараспақ, теңге ілу, қыз қуу, бәйге, қошқар көтеру және жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтетін ипподроммен байланысты. Мұнда, сондай-ақ, Күрестен ҚР Президентінің халықаралық кубогы мен Көкпардан әлем чемпионаты секілді ұлттық спорт жарыстары өтеді.

Келушілер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қалай әзірленетінін өз көздерімен көруі үшін арнайы қолөнершілер ауылы құрылады. Ас талғағыштар мен түпнұсқалықты бағалайтындарға қазақ ұлттық асханасының тағамдарынан дәм тату мүмкіндігі беріледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше орын беріледі, ондағы этномәдени бірлестіктер қонақтарға қазақ халқының этнографиясын, дәстүрлерін, тарихын таныстырады. А. Мұхамедиұлының айтуынша, 1 маусымда тұсаукесері өтетін этноауылға кіру тегін болады.

1/3
2/3
3/3