Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Бейсенбі, 15 Қазан 2020, 13:14:10

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

«Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байланысты екеніне тоқталды.

«Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек!» – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

«Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа  жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін!» – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады.

Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Бүгін Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орналасқан. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді.

Семейге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы көлемі 203 гектар болатын Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты.

Ықшам аудандағы тұрғын-үй қоры 787,7 мың шаршы метр. Физика-математика пәндерін тереңдетіп оқитын 720 оқушыға арналған Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталған. Жанында 120 орындық жатақханасы бар. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша салынған. Жуырда Қарағайлы ықшам ауданында 1405 пәтерлік 20 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сондай-ақ Қарағайлыда 3 мектеп, 6 балабақша, мұз модулі және оңалту орталығы салынады.

Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты тапсырмасы өз нәтижесін беруде. Соңғы екі жылда 200-ден астам мұқтаж отбасыға Қарағайлы ықшам ауданынан пәтер берілген. Көп балалы аналармен кездескен Президент мемлекет әлеуметтік қолдауды жалғастыра беретінін айтты.

«Үкімет көп балалы аналарға, мұқтаж отбасыларға ұдайы көмек беріп келеді. Әртүрлі жеңілдіктер қарастырып отыр. Ең бастысы өздеріңіздей көп балалы аналардың еңбекке деген ерекше талпынысы қуантады. Бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтып отырған игі істеріңіз өзгелерге үлгі болуы керек. Сондықтан сіздерді әрдайым қолдай береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көп балалы аналар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көрсетіліп жатқан қолдауға,  кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы сомасының ұлғаюына, Семейді дамытудың кешенді жоспарының қабылдануына қатысты  алғыстарын айтты. Сонымен қатар отбасылық бизнесті дамытуға берілетін гранттардың тізімін кеңейту, грант сомасын ұлғайту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Президент Қарағайлы ықшам ауданындағы бірегей спорт кешенін аралап көріп, мұндай нысан Қазақстанның әр қаласында салынуы қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

Сондай-ақ көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорларындағы 18 сурет қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті.

Президент ұлт зиялыларымен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға күш салғанымызды атап өтті. Сонымен қатар бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді айтты.

«Биылдан бастап 10-тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласындағы «Ұлы ақын елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзіне тоқталды. Сондықтан әдебиетіміздің әлемге танымал алыбын бүкіл халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттыратынын айтты. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу –  баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін жеткізді.

«Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті  қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы айтқанын, мұның стратегиялық маңызы бар міндет, кезек күттірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ деді.

«Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын жеткізді.

«Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырмандарға Абай шығармашылығымен, терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты.

«Өткен ғасырдың 60-жылдарында қаламгерлер ұлттың рухын көтерді. Ұлт жазушылары жылымық кезеңде ел мүддесімен өзектес шығармаларды өмірге әкелді. Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарында  зиялылар халықты береке-бірлікке шақырды. Олар ұлт мұрасын түгендеп, тарихымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Зиялы қауым жас мемлекеттің шежіресін жасап, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірді. Енді олардың қазіргі кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидатын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу», – деді Президент.

Осы ретте гуманитарлық саланы дамытуды қолға алғанымыз жөн деп есептейтінін жеткізіп, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беруіміз қажет екеніне тоқталды.

«Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы  Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков секілді ғалымдар мен абайтанушылар, «Абай оқулары» конкурсының жеңімпазы, Риддер қаласындағы №16 орта мектептің оқушысы Варвара Владимирцевалар сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайға арнайы келіп, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде атқарылған жұмыстармен танысты. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге жуық шырша түптері егіліп, амфитеатрдың төбесі күмбезделген және кіре беріс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалған. Қазақстан Президенті атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртудан өткен «Сапар орталығын» аралап көріп, зияратшыларға қызмет көрсету орнының жұмысын жоғары бағалады.

Жалпы биылғы мерейтойға орай Абай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылған. Оның ішінде ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіре беріс жолына асфальт төселген. Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, шырша, шынар ағаштары отырғызылып, ақынның 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған. Сонымен қатар Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқы қорымының аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылған. Ең бастысы елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынды. Музей іші заман талабына сай жабдықталған, конференция және экспозициялық залдармен жасақталған. Музейдің экспозициялық залына ұлылар мекенінің тарихынан, өнері мен мәдениетінен, тұрмыс-салтынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық заттар қойылған.


Жаңалықтар тізбегі
24 Қараша 2020, 19:53
ЖЭК дамыту және процестерді цифрландыру — ҚР Президентінің энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай іске асырылуда
24 Қараша 2020, 16:13
ЕАЭО нарығы, өнеркәсіптік кооперация және тауар айналымы: Қазақстан экономикалық интеграция жүйесінде қалай дамуда
24 Қараша 2020, 14:07
ҚР Үкіметінің отырысы, 24.11.2020
24 Қараша 2020, 12:11
Қазақстанда орманды алқаптарда 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады - ЭГТРМ
24 Қараша 2020, 11:47
Е. Тоғжанов COVID-19 қарсы отандық вакцина шығаратын зауыттың салыну барысымен танысты
24 Қараша 2020, 11:36
Соңғы 5 жылда ҚР-да 1 334 км магистральдық газ құбыры және 20 мың км астам тарату желілері салынды 
24 Қараша 2020, 10:01
А. Мамин: елдегі экологиялық ахуалды жақсарту — Үкіметтің басым міндеті
24 Қараша 2020, 09:39
Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды
23 Қараша 2020, 19:27
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин COVID-19 жөніндегі ВАК отырысын өткізді 
23 Қараша 2020, 18:29
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
23 Қараша 2020, 17:02
Электромобильдер өндірісі, жаңа зауыт және экспорттық нарықтарға шығу — Қазақстанның машина жасау саласын жаңа шынайылық жағдайында дамыту
23 Қараша 2020, 14:30
24 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
23 Қараша 2020, 14:21
Сенат депутаттарының шағын және орта бизнесті дамыту туралы сауалы
23 Қараша 2020, 13:46
Үкімет отандық бизнестің қызметінің жағдайын жақсарту шараларын қарастыруда
22 Қараша 2020, 09:58
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №87
21 Қараша 2020, 16:38
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Түркістан қаласында келіссөз өткізді
20 Қараша 2020, 18:25
Асқар Жамбакин ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды
20 Қараша 2020, 16:09
Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік делегациямен кездесті
20 Қараша 2020, 13:40
Инновациялық технологиялар, электрондық құжаттама және шығындарды азайту: денсаулық сақтау саласында цифрландыру қалай дамуда
19 Қараша 2020, 20:20
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:49
Мемлекет басшысы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеуді қабылдады
19 Қараша 2020, 18:48
Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:41
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
19 Қараша 2020, 17:53
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты
19 Қараша 2020, 17:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы №762 Қаулысы
18 Қараша 2020, 21:19
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты
18 Қараша 2020, 16:22
Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады
18 Қараша 2020, 14:44
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады
17 Қараша 2020, 19:37
ВАК Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында COVID-19 таралуына жол бермеу жөнінде бірқатар шешім қабылдады  
17 Қараша 2020, 18:46
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №760 Қаулысы
17 Қараша 2020, 18:38
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №758 Қаулысы
17 Қараша 2020, 15:58
Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады
17 Қараша 2020, 13:39
ҚР Үкіметінің отырысы, 17.11.2020
17 Қараша 2020, 13:29
Сатып алушы мобильді қосымша арқылы тауардың заңдылығын тексере алады — Е. Жамаубаев
17 Қараша 2020, 13:03
Қазақстан бірқатар тауарларды міндетті таңбалауды енгізуде — Б. Сұлтанов
17 Қараша 2020, 11:34
Қазақстан «цифрлық» жұмыспен қамту орталықтарының және сырттай мүгедектікті белгілеу форматына көшуде — ҚР ЕХӘҚМ
17 Қараша 2020, 11:19
Жыл соңына дейін онлайн режимінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер 90%-ға дейін жеткізіледі — ЦДИАӨМ
17 Қараша 2020, 10:02
Үкімет тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелерін қарады
17 Қараша 2020, 09:48
2021 жылы қағаз анықтамаларды толығымен алып тастауымыз керек — А. Мамин
17 Қараша 2020, 08:50
Қазақстан Қырғызстанға COVID-19-бен күресу үшін медициналық бұйымдар жібереді
16 Қараша 2020, 18:46
Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді
16 Қараша 2020, 17:03
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 11 қарашадағы №752 Қаулысы
16 Қараша 2020, 11:08
17 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
15 Қараша 2020, 09:56
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №86
14 Қараша 2020, 12:56
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елордада тұрғын үй құрылысының барысын тексерді
13 Қараша 2020, 23:00
Елбасының төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті
13 Қараша 2020, 10:43
БҚО-ға ресми сапар: Роман Скляр бірқатар индустриялық нысандарды тексерді
13 Қараша 2020, 10:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы №746 Қаулысы
13 Қараша 2020, 10:31
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы №745 Қаулысы
12 Қараша 2020, 12:33
А. Мамин ҚР-дағы Азия даму банкінің жаңа директоры Н. Маннапбековті қабылдады
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.