Мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру ықшам Үкімет аппаратын қалыптастыруға мүмкіндік береді – Ә. Қуантыров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау туралы

Министрлер кабинеті Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру шараларын қарастырды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекет пен қоғамның барлық салаларын қайта ретке келтіруді қамтамасыз ету, оның ішінде негізгі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу бойынша нақты міндеттер қойды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында баяндама жасай отырып, Президент Жолдауын іске асыру мақсатында ведомство жүргізетін жұмыс бойынша үш негізгі бағытты белгіледі: 

1.    Жаңа экономикалық саясат;

2.    Нақты секторды дамыту;

3.    Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту. 

Бүгінде коммуналдық желілердің тозуы 60%-ды қамтиды, оның ішінде электр энергетикасы, жылу және сумен жабдықтау, су тарту бар. Осыған байланысты табиғи монополиялар саласында «нақты» реформалар талап етіледі.

Табиғи монополиялар саласын реттеудің мүлдем жаңа тұжырымдамасы – «Тарифті инвестицияларға айырбастау» ұсынылады.

Осы реформа аясында:

- мүлік иелері есебінен салаға инвестицияларды ұлғайту;

- табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарықтар саласында жұмыскерлердің жалақы деңгейін арттыру;

- одан әрі реттеуді табиғи монополиялар саласына озық инновациялар енгізуді ынталандыру жолымен жүзеге асыру; 

- кірістің белгілі бір үлесін сақтай отырып, мүлік иелері шығындарының үлесін қайта бөлу есебінен инвестициялық салымдарды ұлғайту;

- тұтынушылар топтары арасында тарифтер деңгейін теңестіру есебінен тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан біртіндеп бас тарту;

- желілердің тозу көрсеткіштерін қысқарту көзделеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров салық саясатын реформалау туралы сөз қозғады.

«Фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы салықтық әкімшілендіруді түбегейлі қайта қарауды, салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін цифрландыруды көздейтін жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленетін болады», — деді министр.

Сонымен қатар салық мөлшерлемелерін саралау, пайданы қайта инвестициялау кезінде корпоративтік табыс салығын төмендету, арнайы салық режимдерін оңайлату, бөлшек салықты қолдануды кеңейту, «сән-салтанат салығын» енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Бұл орайда қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі салық саясатының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр, оны қабылдау осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Тұжырымдамаға енгізілген тәсілдер жаңа Салық кодексіне негіз болады.

Сондай-ақ бюджет саясатын реформалау туралы да айтылды.

Ә. Қуантыровтың айтуынша, Президент қойған жаңа міндеттер бюджеттік жоспарлауды бюрократиядан арылтуға және бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге байланысты жұмыстың қисынды жалғасы болады.

Сондықтан Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының ережелерін және басқа да өзекті мәселелерді қамтитын жаңа Бюджет кодексін әзірлеу тиімді және үнемді бюджет саясатын қамтамасыз етуге жаңа серпін береді.

Жаңа Бюджет кодексі қолданыстағы бюджет жүйесіне негізделеді, олар мынадай:

- бюджеттік рәсімдерді оңайлату;

- бюджет саясатының шекті параметрлері туралы негіз қалаушы нормаларды бекіту;

- Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстардың нысаналы мақсатын айқындау;

- бюджет қаражатын басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу;

- түсімдердің жекелеген түрлерін бір мезгілде шығыс бөлігін қайта қарай отырып, жергілікті деңгейге беру;

- «халықтық қатысу бюджетін» масштабтау сияқты негізгі бағыттар бойынша жаңа еңгізілімдерді қамтитын болады. 

Бюджет процесін бюрократиядан арылту жөніндегі заң жобасының ережелерін жаңа Бюджет кодексіне интеграциялау ұсынылады.

Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мақсатында бизнес үшін міндетті талаптарды қамтитын реттеуші актілерді қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бүгінде кәсіпкерлік субъектілері қызметінің 29 саласынан мемлекеттік органдар 6 салада талдауды аяқтады. Талдау қорытындылары бойынша 6 салада 21 мыңнан астам талап анықталды, олардың шамамен 16,5%-ы жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді және олардың күші жойылады немесе қайта қаралатын болады. 

Қалған салалар бойынша жұмыс Жоспар-кестеге сәйкес жалғасып жатыр және 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.

Ұлттық экономика министрлігі заңға мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің тиімділігін арттыру және шарттарды жасасу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету бойынша түзетулер әзірледі.

Жекеше әріптестерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік бірыңғай порталын пайдалана отырып, тек конкурстық рәсімдер негізінде ғана айқындау, әлеуметтік-экономикалық міндеттер тізбесі негізінде осындай жобаларға бастамашылық ету, сервистік келісімшарттарды іске асыру кезінде инвестициялық шығындардың өтемақысын алып тастау мүмкіндігін көздеу ұсынылады. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту мүмкіндігін болдырмауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейтуге ықпал етеді. 

Түзетулерді биыл жүргізіліп жатқан заң шығару жұмысы аясында қабылдау жоспарланған. 

Ұлттық экономика министрі нақты секторды дамыту туралы сөз қозғады.

«Квазимемлекеттік секторда басқару тиімділігін арттыру аясында “Самұрық-Қазына” міндеттері (оның ішінде инвестициялау бойынша тәсілдер), стратегиясы, портфелі мен иелену құрылымы қайта қаралатын болады», – деді Ә. Қуантыров.

Бұл жұмыс квазимемлекеттік сектордың аражігін ажырату және функциялардың бөлінуі ескеріле отырып жүргізілмек.

«Самұрық-Қазына» қорының активтерін, оның ішінде «Халықтық IPO» тетігі арқылы жекешелендіру жалғасатын болады. IPO-ға шығарылатын компаниялар тізімі кеңейіп жатыр.

Сонымен қатар министр мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа әкімшілік реформа туралы айтып өтті.

«Жолдау аясында белгіленген құрылымдық экономикалық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғыртуды талап етілді. Жаңа әкімшілік реформа аясында Ұлттық экономика министрлігі орталықсыздандыру қағидаттары мен шектерін айқындау арқылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша жұмыс жүргізетін болады», — деді министр.

Бұл орайда тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік құрылымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жаңа функцияларды орындауға дайындығы міндетті түрде ескерілетін болады, бұл да қажет болған жағдайда бюджетаралық қатынастар мен штат санын қайта қарауды талап етеді.

Мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру, оның ішінде бақылау және үйлестіру рөлін күшейту, сондай-ақ Үкімет шешімдерін дайындаудың сапасы мен жеделдігін арттыру жолымен Үкіметтің ықшам аппаратын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу