Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысына қатысты

10 тамыз 2016, 01:21
Фото: kazpravda.kz

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес мүшелері  Еуразиялық Үкімет аралық кеңестің 12-тамызда Сочиде өтетін отырысының күн тәртібін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың әрі қарайғы дамуына қатысты бірқатар мәселелерді қарады.

Отырыс барысында ЕАЭО Кедендік кодексі туралы Келісімшарт жобасын дайындау барысы туралы ақпарат тыңдалды. Қатысушылар оны жылдамырақ қабылдау қажеттігі жөнінде ортақ тоқтамға келді.

Одаққа мүше мемлекеттерде тауарларды бақылау жүйесін құру мәселесіне баса назар аударылды. Бұл жүйе кейін барлық тауарларды ЕАЭО аумағына кіргізілген сәттен бастап тұтынушыға жеткізілгенге дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша тауарларды бақылауды қамтамасыз ету механизмін құрудың негізгі тәсілдері анықталды.

Отырыста дайын өнімнің өзіндік құнын төмендету және азаматтық тікұшақтардың, авиациялық қозғалтқыштардың, кеме жасауға арналған қондырғылардың жекелеген түрлерінің өндірісін әрі қарайғы дамытуды қамтамасыз ететін шарттарды қалыптастыру мақсатында аталған тауарлар бойынша кедендік әкелім баждарының мөлшерлемесін төмендету мәселелері қарастырылды.

Бұдан бөлек кеңес отырысында техникалық реттеу мәселесі қаралды. Атап айтқанда «Жанармай ретінде пайдалану үшін сұйылтылған көмірсутекті газдарға қойылатын талаптар» регламенті қабылданды. Бұл энергетикалық тиімділікті қамтамасыз етіп, сұйылтылған газды тұтынушылар пайдаланған кезде ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді.