ҚР Премьер-Министрі Моңғолиядағы этникалық қазақ балаларының білім алу барысымен танысты

14 шілде 2016, 17:46

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Өлгей қаласына барды, онда жергілікті оқу орындарының жұмысымен танысты.  

Айтып өткендей, К. Мәсімов Баян-Өлгей округінің әкімшілік орталығындағы №1 қазақ мектебіне барды.

Баян-Өлгей округінің әкімшілік орталығындағы №1 қазақ мектебі 2014 жылы ашылған. Сол кезде Қазақстан Үкіметі білім мекемесін мектепке қажетті керек-жарақтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз еткен болатын. 

Білім саласындағы екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігінің арасындағы Келісім аясында жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.  

Жыл сайын ҚР БҒМ шетелде мекендеп жатқан қандастарымыздың балалары өз халқының тарихын, мәдениетін және тілін оқып-үйренуі үшін оқу-әдістемелік құралдарды жіберіп отырады. 

Мәселен, 2016 жылы Моңғолиядағы қазақ мектебі 7-8 сыныптардың оқушылары үшін Қазақстаннан 4 мыңға жуық оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдар алды.

Сонымен қатар жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім саласындағы байланыстар дамуда. Атап айтқанда, біздің еліміздің азаматы болып табылмайтын қазақ студенттеріне квота бойынша білім грантын алу үшін конкурсқа және Қазақстан азаматтарымен теңдей жалпы конкурсқа қатысу мүмкіндігі беріледі. 

Тек 2015 жылдың өзінде квотаны Моңғолиядағы 44 этникалық қазақ пайдаланып, біздің елімізде білім алу мүмкіндігіне ие болған. 2001 жылдан бастап Баян-Өлгейде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филиалы ашылған. Жыл сайын Қазақстанның білім министрлігі ШҚМУ үшін Моңғолия азаматтарына арнап 25 мақсатты грант бөледі.

Еске салайық, К.Мәсімов Моңғолияға XI АСЕМ саммитіне қатысу үшін барды, шара 15 шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтеді.