ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары Кедендік кодекстің негізгі ережелері бойынша келісімге келді

13 тамыз 2016, 01:15
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ЕАЭО елдері үшін маңызды құжаттың жобасы жақын күндері аяқталады.

«ЕАЭО келісімшарттық-құқықтық базасын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқыладық. Атап айтқанда, ЕАЭО Кедендік кодексінің жобасын іс жүзінде келістік, шағын бір-екі мәселе қалды, мен оларды жақын арада шеше алатынымызға сенемін, содан кейін бұл құжат қабылданады», - деді ҚР Премьер-Министрі Үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында.

Отырысқа қатысушылардың барлығы ЕАЭО ішіндегі қызметті реттейтін негізгі құжаттың қабылдануының маңыздылығын және осы құжат түпкілікті қабылданатын соңғы мерзімді нақтылау бойынша қол жеткізілген келісімдердің маңыздылығын атап өтті.

«Алға ілгерлеушілік байқалады, бұл Кодекс бойынша жұмыстар осы күзде аяқталатынына еш күмән жоқ», - деді Беларусь Премьер-Министрі Андрей Кобяков.

ЕАЭО аясында тауарлардың қадағалануы, дәрі-дәрмектердің ортақ нарығын қамтамасыз ету мен оның жұмысы жайлы мәселелерге ерекше назар аударылды.

Дәрі-дәрмектер айналымы саласын реттейтін құжаттар туралы айта келіп, отырысқа қатысушылар ЕАЭО-та бірыңғай қағидалар мен ережелердің жақын арада бекітілуінің маңыздылығын атап өтті. 

Армения Республикасының Премьер-Министрі Овик Абраамянның пікірінше, фрамкологиялық өнімдерге қойылатын талаптарды біріздендіретін құжаттардың қабылдануы экономикалық одақ қатысушыларына үшінші елдер нарығына шығуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар Қазақстанның ДСҰ-ына кіруіне орай ЕАЭО аумағында тауарлардың тасымалдануы мен айналымы мәселелерін реттеу туралы мәселе қаралды.

«Қазақстан Республикасының ДСҰ-ына кіруіне байланысты одақтың кеден аумағында тауарлардың тасымалдануы мен айналымы туралы бүгін шығарылған шешім техникалық сипатта, дегенмен бұл құжат маңызды. Себебі ол Қазақстан кедендік әкелім бажының төменгі мөлшерлемесін қолданған жағдайда ашықтықты қамтамасыз етіп, тіпті, біздің ішкі қарым-қатынасымызды уақытылы әрі өркениетті түрде реттейді», - деді БР Премьер-Министрі.

Сонымен қатар отырыс кезінде Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтерінің арасында қысқа мерзім ішінде қырғызстандық жүктерге қатысты біріздендірілген теміржол тарифтерін қолдану бойынша келісім әзірленетіні туралы келісімге қол жеткізілді. 

«Бүгін өте маңызды кездесу болды деп ойлаймын. Премьер-министрлердің жиі кездесулері бірқатар мәселелерді шешуге сындарлы көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», - деді атқарылған жұмыстарды қорытындылай отырып Кәрім Мәсімов.