Кәрім Мәсімов пен Дмитрий Медведев екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылады

12 тамыз 2016, 23:58
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі РФ Үкіметі Төрағасымен кездесу барысында Қазақстан үшін өзекті мәселелерді көтерді.

Экономика мәселесіне, шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелеріне, трансшекаралық сумен қамту тақырыбына баса назар аударылды.

Екі мемлекеттің аумағында ағатын Жайық өзенінің бассейніндегі экологиялық жағдайды реттеу үшін шекара маңы аймақтарының жүйелі, келісілген іс-әрекеті қажет.

«Мен Орынборға барып, осы мәселені талқылауды жоспарлап отырмын, содан кейін өз іс-қимылымызды үйлестіре алар едік», - деді Кәрім Мәсімов ресейлік әріптесімен әңгімелесу барысында.

«Иә, маған бұл мәселе мәлім, және бұл туралы мен өзімнің әріптестерім мен іргелес аймақтардың басшыларына айтқан болатынмын, сондықтан бұл мәселемен бірге айналысайық», - деп Д. Медведев қазақстандық Премьер-Министрдің ұсынысын қолдады.

Бұден өзге, кездесу барысында ресейлік порттарға тең қолжетімділік және екіжақты сауда айналымының төмендеуі мәселелері талқыланды.

«Бізді шын мәнінде серіктестік қатынастар байланыстырады, оған қоса екіжақты жобаларды қоса алғанда, талқылауға да, әңгімелесуге де тақырып баршылық. Алайда, екіжақты сауда айналымының төмендегеніне назар аударғым келеді, және бізге осындай қиын уақытта болсын, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін бірге күш жұмылдыру қажет», - деп атап өтті Д. Медведев К.Мәсімовпен әңгімелесу барысында.

Екіжақты кездесудің нәтижесі бойынша айрықша жетістік  өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшылары Кенесары хан мен Кейкі батырдың мүрделерін елге қайтару туралы алдын ала келісім болды.

12 тамызда Сочиде ЕАЭО Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті, оның барысында қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы және өзара іс-қимылдың маңызды мәселелері қаралды.