Кәрім Мәсімов «Орынбор газпром өндіру» зауытының технологияларымен танысты

13 тамыз 2016, 23:40
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Қазақстан Премьер-Министрі Орынбор облысына жұмыс сапары аясында газ өңдеу зауытын аралады.

Қазақстан Премьер-Министрінің жұмыс кестесінде ресейлік газ өңдеу зауытына баруға айрықша көңіл бөлінді, себебі «Орынбор газпром өндіру» ЖАҚ жұмыс жасайтын негізгі ресурстардың бірі Қарашығанақ газ конденсат кен орнының газы болып табылады. Орынбор зауытында қазақстандық газды өңдеу үкіметаралық келісімдер аясында 2007 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жыл сайынғы Қарашығанақ газының жеткізу көлемі  8 млрд м3 (+/- 10%) құрайды.

Премьер-Министрмен бірге ОГӨЗ технологияларымен энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов танысты.

Бұл жоба бойынша ынтымақтастық мәселелерінің бірі Қарашығанақ кен орнындағы өндіру көлемінің көбіне «Орынбор газпром өндіру» ЖАҚ жұмысына байланыстылығы болып отыр. Осылайша, 2016 жылдың шілде-тамызындағы жоспардан тыс жөндеу жүргізуге ОГӨЗ жұмысын тоқтатуы Қарашығанақ жобасындағы сұйық көмірсутектерді өндірудің 64 мың тоннаға төмендеуіне алып келді (ақшалай мәнде шығын шамамен $24 млн құрады).

Қазіргі таңда бұл мәселені шешудің екі нұсқасы ұсынылды: Қарашығанақ газын жеке өңдеу кестесі арқылы ОГӨЗ жаңғырту және Қазақстан Республикасы аумағында газ өңдеу зауытын салу.

Сонымен қатар, Қазақстан газ саласының дамуына зор мән береді. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Кәрім Мәсімов кеңес өткізіп, оның қорытындысы бойынша ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ-на проблемалық мәселелерді жете пысықтап, тиімді шешімдер қабылдауды тапсырған болатын.