Кәрім Мәсімов Дмитрий Медведевке Қазақстан үшін маңызды мәселелерді шешкені үшін алғыс айтты

13 тамыз 2016, 01:50

ҚР Премьер-Министрі Сочиде өткен ЕАЭО елдерінің Үкіметаралық кеңесі отырысының аса маңыздылығын айрықша атап өтті.

«ЕАЭО елдерінің кеңесі өтті. Мен бүгін маңызды кездесу болды деп ойлаймын. ЕАЭО келісімшарттық-құқықтық базасын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқыладық», - деді Кәрім Мәсімов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында.

Кәріс Мәсімов премьер-министрлердің жиі кездесулері экономикалық одақ үшін маңызды мәселелерді шешуде сындарлы көзқарастың болуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов журналистерге ресейлік үкімет басшысымен өткен екіжақты кездесу барысында Қазақстан үшін маңызды мәселелер көтеріліп, шешілгенін жеткізді. 

«Кәсіпкерлер ел ішінде көтерген көптеген мәселелерді сындарлы талқыға салдық деп санаймын», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Бұл мәселелердің қатарында ол «порттардың қолжетімділігі, ветеринарлық қызмет мәселелері, сүт өнімдерін сертификаттау және басқа да мәселелер» бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Кәрім Мәсімов Эрмитажда сақталып тұрған жәдігерлердің елге қайтарылуының Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Зиялы қауым өкілдері Кенесары хан мен батыр Кейкі Көкімбайұлының мүрделерін елге жеткізу туралы мәселені көтерген еді», - деген Кәрім Мәсімов Дмитрий Медведевке алғыс айтты.

«Ол бұл мәселені шешуге уәде берді», - деді К.Мәсімов журналистерге.

Бұдан бұрын хабарланғандай, премьер-министрлердің екіжақты кездесулері барысында экономикалық мәселелерге, шекара маңы ынтымақтастығы тақырыбына, трансшекаралық сумен қамтамасыз ету тақырыбына көп көңіл бөлінді. Бірқатар мәселелерді бірігіп шешуге қатысты түбегейлі келісімдер жасалды.