ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамыту мәселелерін талқылады

16 тамыз 2016, 22:11
Фото: МО РК

Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған ҚР қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

ҰҚШҰ мемлекеттері - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қорғаныс ведомстволарының басшылары ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің іске қосылу және даму мәселелерін, Ұйымның Біріккен штабының қызметін жетілдіру жөніндегі шараларды, мемлекеттердің әскери ынтымақтастығының болашағын жоспарлауды талқылады.

ҚР ҚМ мәлімдегендей, қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында барлығы 11 мәселе қаралды. 

Оның ішінде, 6 елдің қорғаныс ведомстволарының басшылары 2016 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған сыртқы саясат, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша кеңес беру жоспарын бекітті. 

Сондай-ақ, кездесу барысында әуе шабуылына және зымыранға қарсы қорғаныс проблемаларын зерттеу саласындағы базалық ғылыми-зерттеу ұйымдары туралы ереже бекітілді.

2020 жылға дейінгі кезеңде ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің әскери ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сонымен қатар, ұйымның Біріккен штабының әскери геральдикалық белгілерін құру туралы қорғаныс министрлері кеңесінің шешіміне қосымша өзгерістер енгізілді.

Анықтама үшін:

Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде тәуелсіздікті, аумақтық бүтіндік пен оның қатысушы мемлекеттерінің  егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылған.