ҚР ИДМ мен мемлекеттік қызмет саласындағы Аймақтық хаб ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

17 тамыз 2016, 00:14
Фото: МИР РК

Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің Мемлекеттік қызмет саласындағы Аймақтық хабтың Астанадағы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовпен ресми кездесуі болып өтті.

Кездесу барысында ҚР ИДМ мен Аймақтық хабтың арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар жобалық менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, адам ресурстарын басқару және басқа да өзекті бағыттардағы білім беру және ғылыми-зерттеушілік сипаттағы шараларға қатысуы көзделген.

Екі жақты әріптестіктің маңыздылығына тоқтала келе, Ә.Байменов осы меморандумның трансформация және кадрлық әлеуетті арттыру жөніндегі ҚР ИДМ жұмысына өз септігін тигізетініне сенімділігін атап өтті.

Өз сөзінде Ж.Қасымбек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың адами капиталды жетілдіруге қатысты мәселелерге баса назар аударатынын алға тартты. Министр сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатындағы екі жақты ынтымақтастықтың өзектілігіне де тоқталды.

Анықтама үшін:

Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) бастамасымен 25 мемлекет пен 5 халықаралық ұйымның қатысуымен 2013 жылы өткен құрылтай конференциясы барысында құрылған болатын. Хаб Миссиясы өңірдегі мемлекеттік қызметтің тиімді жүйелерін дамытуға септігін тигізу болып табылады. Қазіргі таңда Хабқа 34 мемлекет және 5 халықаралық ұйым мүшелік етеді.