Қазақстан Премьер-Министрі Орынбор облысына барды

13 тамыз 2016, 20:51
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Орынбор облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Кәрім Мәсімовтің Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергпен кездесуі жоспарланған. Шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері бойынша кездесуге екі мемлекеттің мемлекеттік органдары, қоғамдық ұйымдары және іскерлік топтарының өкілдері қатысады.

Мәлім болғандай, 12 тамызда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қазақстан Премьер-Министрі К. Мәсімовтің Ресей Федерациясының Үкіметі Төрағасы Д. Медведевпен екіжақты кездесуі өтті, оның барысында экономикалық проблемаға, шекара маңы ынтымақтастығы мәселелеріне, трансшекаралық сумен қамтамасыз ету тақырыбына баса назар аударылды. Бірқатар мәселелер бойынша оларды бірігіп шешу жөнінде түбегейлі келісімдерге қол жеткізілді.

Сапар барысында К. Мәсімов «Орынбор газпром өндіру» газ өңдеу зауытын, сондай-ақ бірқатар мәдени-тарихи нысандарды, Орынбор облысының Мемлекеттік мұрағатын аралайды.

Орынбор облысы – РФ Еділ маңы федералды округінің құрамына кіретін Ресей Федерациясының ең ірі аймақтарының бірі. Аймағы – 124 мың шаршы км, халқы – 2 033,1 мың адам.

Облыс солтүстігінде Татарстанмен, Башқұртстанмен және Челябі облысымен, шығысы мен оңтүстігінде – Қазақстанмен, батысында – Самара облысымен шекараласады.

Қазақстан Республикасымен мемлекеттік шекарасының ұзындығы 1 876 км құрайды.