Ведомствоаралық комиссия алдағы маусымаралық кезеңде пиязбен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында пияз бағасын ұстап тұру мәселелері қаралды. 

Талқылауға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, бірқатар облыс әкімдіктерінің, Қазақстан пиязшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Отырыс Премьер-Министрдің азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағасын ұстап тұру қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Сауда желілері өкілдерінің айтуынша, пияз бағасы маусымаралық кезеңде ең жоғары өсімді көрсетеді. Отырысқа қатысушылар сыртқы нарықта пиязға сұраныстың артуы факторларын, қоймалардың көкөністің осы түрін сақтау мүмкіндіктерін, сондай-ақ көршілес елдерде ерте өнім алу болжамын қарастырды.

Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге халықтың сұранысын толық қамтамасыз ету және бағаны ұстап тұру үшін қажетті пияздың нақты қорына талдау жүргізу тапсырылды. Талдау нәтижелері маусымаралық кезеңде пияз тапшылығы қаупін көрсетсе, ішкі нарықты қорғау шаралары алдын ала қабылданатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу